КҮНДІЗГІ СТАЦИОНАР: КІМГЕ және ҚАШАН?

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ұлытау облыстық филиалы пациенттерге күндізгі бөлімде медициналық қызмет көрсеткен емханаларға былтыр 292 млн-нан аса қаржы төледі. Күндізгі бөлімде кімдер және қашан ем қабылдай алады деген сұраққа «Жүрек» отбасылық дәрігерлік амбулаториясының дәрігері Ақнұр Серікханқызы жауап берді.

Күндізгі стационар — қысқа мерзімде дәрігерден сапалы тексеру және қабылдау алғысы келетіндер үшін тамаша шешім. Бұл өз уақытын бағалайтын, жұмысты және басқа да күнделікті істерді ұзақ қалдырғысы келмейтін адамдар үшін әдеттегі тәулік бойғы аурухананың баламасы.
Күндізгі стационарда тәулік бойы медициналық бақылауды қажет етпейтін емделушілерге терапевтік, хирургиялық, гинекологиялық бейіндегі және оңалтудағы қолжетімді сапалы медициналық көмек көрсетіледі. Пациенттер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде ем алады.
Енді күндізгі бөлімде емдеуге жататын ауру түрлеріне тоқталсақ. Жалпы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 7 маусымдағы № 106 бұйрығына сәйкес 2 391 дерттің түрі кезінде ем алу мүмкіндігі қарастырылған. Олардың қатарында асқазан жарасы, панкреатит, артериялық гипертензия, жүректің ишемиялық ауруы, эндометриоз, андексит, созылмалы оофарит, мидың созылмалы ишемиясы, дисциркуляторлық энцефалопатия, бас миының жарақаттарының салдары, босану жарақаттары, остеохондроз, омыртқа операциясынан кейінгі жағдай (грыжаны алып тастау), қабырға аралық нейропатия, радикулопатия, анықталмаған энцефалопатия, аралас астма, артрит, артроз, флегмона, абсцесс, фурункул, анықталмаған дерматит, қарапайым псориаз, темір тапшылығы анемиясы, фолий тапшылығы анемиясы, сондай-ақ жоғарғы тыныс жолдарының басқа да өткір инфекциялары және т.б бар.
«Жүрек» отбасылық денсаулық орталығының күндізгі стационарында 2023 жылы 1021 науқас тегін емделді. Оның ішінде 79-ы эндокриндік, 12-сі жүйке жүйесінің, 201-і қан айналымы, 36-сы тыныс алу жолдарының, 249-ы ас қорыту органдарының, 2-уі тері және 310-ы тірек-қимыл жүйесінің, 132-сі несеп-жыныс жүйесінің ауруларымен ауырған пациенттер.
Күндізгі стационарда емделу үшін пацинеттің емделуге көрсеткіштері және учаскелік дәрігердің жолдамасы болуы керек. Ем үшін пациентке қосымша ақы төлеудің, сырттан дәрі-дәрмек әкелудің қажеті жоқ. Көрсетілген емнің ақысын Қор өтейді.

Өз тілшімізден.