«Ұлытау» қонақ үйі – туристер тұрағы
Мемлекет басшысының Ұлт бесігі – Ұлытауды этнотуризм орталығына айналдыру жөніндегі тапсырмасы аясында кешенді шаралар атқарылып жатқаны белгілі. Өткен аптада аудан орталығында өткізілген «Ұлытау» қонақ үйінің тұсаукесері – сол мақсаттағы ілкімді істердің айшықты бір айғағы. Салтанатты рәсімге аудан әкімі Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ қатысып, жұртшылықты ішкі-сыртқы келбеті келісті жаңа нысанның ашылуымен ақжарыла құттықтады.
Ертеректе салынған екіқабатты ескі ғимаратқа жаңа рең беріп, өз қаражаты есебінен заманауи талап тұрғысында жөндеу жұмыстарын жүргізуші – «Көкше» жеке кәсіпкерлігі. Орталық алаңға іргелес орналасқан қонақ үйде кез-келген кірпияз мейманның сұранысын өтеу мүмкіндігі қарастырылған. Екі адамдық 9 бөлме болса, оның 2-і – VIP бөлме санатында. Бағасы – қолжетімді, қызмет көрсету сапасы – көңілге қонымды. Бұдан бөлек, 38 орындық асханасы мен 84 адамға арналған банкет залы бар.
Қонақ үйдің ашылу салтанатында лента қию рәсімін Берік Әбдіғалиұлы мен еңбек ардагері Балымша Жарасбаева жүзеге асырды. Жаңа нысан Ұлы Дала Ұлытауына арнайы сапарлап, тәу етуге құштар қазақстандықтар мен сырттан келетін туристер легінің арта түсуіне айтарлықтай жағымды әсер етері күмәнсіз.
Орайлы сәтте біз сөзге тартқан қонақ үй иесі Гүлжазира Көкшина: «Осыдан төрт жыл бұрын қонақ үй ашамын деп жоспарлаған едім. Сол ойымның сәтімен іске асқанына қуаныштымын. Бұл – ауданда туризм саласының дамуына қосқан үлесіміз. Ресми ашылуы бүгін болғанымен жұмысты бастағанымызға бір айға жуықтады. Келуші қонақтар саны көп. 7 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Санитарлық торап талапқа сай іште орнатылған»,– деді.
Жасұлан АЯШЕВ