Облыс орталығында жаңа мешіт бой көтереді

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Аталмыш меморандум негізінде Жезқазған қаласында жаңа мешіт құрылысы басталды.

Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ұлантай Үсенов Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлымен өткен кездесуде жаңа мешіттің бой көтеруі өңір халқының рухани серпілуіне жол ашып, екі жақты әріптестік қатынастарды нығайтуға елеулі үлес қосатынын атап өтті.

Өз кезегінде Наурызбай қажы Тағанұлы халық игілігіне салынып жатқан жаңа мешіттің құрылысына қолдау танытқан Ұлытау облысы әкімдігі мен «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-не алғысын білдіріп, жана мешіт қазақы нақышта безендіріліп, салынатынына сенім білдірді.

Айта кетейік, бүгінде Жезқазған қаласында 1 мешіт бар. Облыс орталығында бой көтеретін жаңа мешітте енді бір мезетте 2 мың адам құлшылығын өтей алады. Жаңа мешіт құрылысының жалпы аумағы — 1,9980 гектар жерді құрайды. Құлшылық ордасында медресе, кітапхана, білім орталығы, асхана, коворкинг орталығы салынады деп күтілуде.