Өңірде бірқатар өсім бар

Бұл аптаның басында Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мəлім болды. Баспасөз мəслихатында баяндама жасаған Ұлытау облысының əкімі Берік ƏБДІҒАЛИҰЛЫ жан басына шаққанда облыстағы жалпы аймақтық өнім көлемі республика бойынша жоғары көрсеткіш көрсеткенін, яғни 3,4 млн теңгемен 4-орынды иеленіп тұрғанымызды айтты. Бұл көрсеткіш жыл соңына 7,5 млн теңгені құрайды деп күтілуде.

Брифингте Ұлытау облысының əкімі Берік Əбдіғалиұлы өңірдің əлеуметтік-экономикалық дамуы туралы кеңінен мəлімдеді. Биылғы он ай ішінде өнеркəсіптік өндірісі 3,4%- ға төмендеген. Бұған тамыз айында Жезқазған мыс балқыту зауытының кен-термиялық пешін күрделі жөндеуге байланысты бірқатар жұмыстардың тоқтауы əсер еткен. Облыста Жезқазған мыс балқыту зауытының үлесі барлық өнеркəсіптік өндірісінің шамамен 63%-ын құрайды. Ал «Қазақмыс компаниялар тобы» өңірдің барлық өнеркəсіптік өндірісінің 72%-ына ие.
Осы тұста брифингте республикалық бюджеттен бөлінген қаражаттың аздығына байланысты қалған керекті соманы «Қазақмыс» корпорациясынан алу мүмкіндігі туралы сұралды. Бұл бойынша Берік Əбдіғалиұлы «Қазақмыс» корпорациясымен арада жасалған меморандум негізінде компания облыстағы жобаларды жүзеге асыруға 35 млрд теңге бөлінетіндігін айтты. –
Бұл соманы компания тікелей əкімдіктің қалтасына салып бермейді. Əкімдік бекіткен жобаларға сəйкес тиісті қаржы аударылып, құрылысқа тікелей компания өзі басшылық етеді. Биылдың өзінде «Қазақмыс» корпорациясынан 12 млрд. теңге бөлінді, – деді өңір басшысы.
Өз баяндамасында жауын-шашынның ұзаққа созылуы нəтижесінен ауыл шаруашылығында ішкі өнім үлесі төмендегенін, əлеуметтік маңызы бар азық-түліктен Ұлытау облысында тек ұн, нан жəне ет қана өндірілетінін айтқан Берік Əбдіғалиұлы шаруаларды қолдау шараларына көңіл бөлінетіндігін жеткізді.

Жиында мəлім болғандай, өңірде тұрғын үйді пайдалануға беру 54%-ға, негізгі капиталға инвестициялар 22%-ға, көлік пен сауданың 4%-ға өсуі байқалады. Десе де, облыс статусын алғалы тұрғын үй бағасы бірнеше есе қымбаттаған. Бұған құрылыс материалдары бағасының өсуі де себеп болған. «Алдағы жылдары тұрғын үй бағасын 20%-ға дейін төмендетуді мақсат етіп отырмыз», дейді Берік Əбдіғалиұлы.
Орташа айлық жалақы көлемі 471 300 теңгеге дейін өскен. Бұл республикалық деңгейден 1,3 есе жоғары, нақтырақ айтсақ, республика бойыша 3 орын. Бұған өңірде гі тұрғындардың басым бөлігі «Қазақмыс» корпорациясында жұмыс істейтіндігі тікелей əсер етіп тұрғаны түсінікті.
Облыстық бюджет 144,5 млрд. теңгені құраған. Салық базасын кеңейту жəне республикалық бюджеттен трансферттерді тарту арқылы көрсеткіштер бастапқы бекітілген бюджетпен салыстырғанда 28%-ға өсті. Жыл басынан бері кірістер 36 млрд. теңгеден 46,5 млрд. теңгеге дейін ұлғайған.
Облыста атқаруға тиісті жұмыстар əлі де жетерлік. Мысалы, өңірде əлі күнге дейін облыстық аурухана, перинитальды орталық жоқ екенін, қатерлі ісік ауруына шалдыққан науқастар саны бойынша алдыңғы орында тұрған облыста əліге дейін онкологиялық ауруларды емдейтін орталық салынбағаны да сөз болды. Онкологиялық аурухана алдағы жылы қолданысқа беріледі дейді облыс басшысы. Əзірге мұндай орталық жаңадан салынбайды. Тек ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Экономиканы əртараптандыру бағыттарының бірі инвестиция тарту екені белгілі. Негізгі капиталға инвестиция салу 1,2 есеге өсіп, шамамен 153 млрд. теңгені құраған. Инвесторларды тарту арқылы Ұлытау облысында қуаттылығы жылына 20 млн. дана кірпіш шығаратын кірпіш зауыты іске қосылды, бұл облыстың құрылыс өніміне тəуелділігін 20%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ облыста кірпіш зауытының салынуымен құрылыс та қайта жанданады деп күтілуде. Себебі, бұған дейін үй тұрғызуға ниетті инвесторлармен кездескенде олар жақын маңайда кірпіш зауытының жоқтығын алға тартып, ұсыныстан бас тартатын. Жалпы инвестиция көлемі 10 млрд. теңгеден асатын 3 нысанды іске асыру жалғасуда. 2027 жылға дейін 2000 жаңа жұмыс орнын құрумен 760 млрд. теңге сомасына 15 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылды. Бұл ретте, өңір жер қойнауын пайдалануға байланысты дəстүрлі қызмет түрлері бойынша ғана емес, сонымен қатар агроөнеркəсіптік қызмет саласында жəне басқа да бірқатар электр энергиясының жаңартылатын көздерін дамыту сияқты жаңа жобалар жүзеге аспақ. Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында қуаты 1 гигаватт болатын жел электр станциясы салынады. Станция құрылысына отандық материалдар қолданылатын болады. Яғни, жел мұнараларының металл конструкциялары қазақстандық зауытта жасап шығарылады. ЖЭС құрылысын салу барысында 300-ге таман адам жұмыспен қамтылатын болады. Станция толықтай іске қосылғаннан кейін 80-ге таман маман тұрақты жұмысқа орналасады. Ал зауыттағы жаңа тұрақты жұмыс орындарының саны 230-ды құрайды. Өндірістік жоспар жылына 100 жел электр станциясының мұнарасын орнатуға негізделген. Сонымен қатар, қытайлық инвесторлар көмегімен құны 7,5 млрд. теңге болатын кремний зауыты салынады.
Өңірде жол мəселесі, су, жылу желілерін жаңарту жұмыстары ойдағыдай жүргізіліп жатыр. Жалпы облыстағы ең күрделі үш мəселе ретінде Жезқазған Қызылорда, Жезқазған Арқалық сынды жолдардың жай күйі, Жезқазғандағы ауыз су мəселесін жəне экологиялық проблемаларды атады өңір басшысы өз сөзінде. Əйткенмен, бұл мəселелердің барлығы да көп күттірмей шешілуге тиіс екенін де атап өтті.
Көлемі жағынан алда тұрған облыста 230 мың ғана халық тұрады. Оның 80%-ы қалада қоныстанған. Осы тұрғыда облыс халқының санын көбейту мақсатында оңтүстік өңірлерден отбасылар көшіру жобасы жүзеге асырылып жатқанын да тілге тиек етті аймақ басшысы. Сырттан келген отбасылардың мал, егін шаруашылымен айналысуына қолдау көрсетіледі. Əкімдік жер беруге дайын. Тек əттеген-айы əзірге жаңа жұмыс орындары ашылып жатқан жоқ. Көшіп келген отбасыларға үй мəселесі де қиындық тудырады. Оған қоса оңтүстікпен байланыстыратын Жезқазған-Қызылорда жолына «Азиялық Даму банкі» қаржы бөлгенімен, нақтылы мердігерлер əлі анықталмай тұр. «Қызылорда-Жезқазған» жолының конкурстық рəсімдері жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде, оған 2024 жылға 50 млрд. теңге қарастырылған. Осы жылы «Жезқазған-Арқалық» автожолының бойында 20 шақырымның 13 шақырымына ірі асфальтбетон төселді, 2024 жылдың соңына дейін тағы 37 шақырымын жөндеу жоспарлануда.
Ұлытау өңірін тарихи-мəдени орталыққа айналдырып, «бренд» жасау үшін де алдымен жолдың сапасы дұрыс болуы тиіс. Сол себепті Берік Əбдіғалиұлы республикалық маңызы бар жолдардың жөнделуі Мемлекет басшысының тікелей назарында екенін жеткізді.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.