Қарағанды облысының медициналық ұйымдары 400 мыңнан астам кәсіби тексеру жүргізді
2020 жылдың 9 айында Қарағанды облысында өңір тұрғындарын 444,5 мың профилактикалық тексеру жүргізілді. Олардың қатарында балаларды жоспарлы кәсіби тексеру, әйелдерде сүт безі, жатыр мойны обырын ерте анықтауға скринингтік тексеру, ерлер мен әйелдерді глаукома, колоректальды обырды анықтауға тексеру және т. б. бар.
Қарағанды облысындағы онкоскринингке 2020 жылдың 9 айында медициналық сақтандыру қоры 255 млн теңгеден астам қаражат бөлді.
— Кәсіби тексерулерді қаржыландыру МӘМС қаражаты есебінен жүзеге асырылады, сондықтан скринингтен өту үшін сақтандырылу мәртебесіне ие болу қажет. Бұл ретте мемлекет 15 жеңілдік санатына жататын 11 млн қазақстандық үшін жарна төлейді, — деп атап өтті медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалының директоры Фазыл Копобаев.
Скринингке 0-ден 18 жасқа дейінгі балалар және 30-дан 70 жасқа дейінгі ересектер жатады.
Балалар жыл сайын кәмелетке толғанға дейін профилактикалық тексеруден өтеді. Мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиеленушілерін, мектеп оқушыларын, орта арнаулы оқу орындарының оқушыларын және 18 жасқа дейінгі студенттерді білім беру ұйымдарындағы көшпелі бригада тексереді. Мектепке дейінгі мекемелерге бармайтын балаларды тексеру емханада немесе отбасылық денсаулық орталығында жүргізіледі.
30 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер үшін төрт жылда бір рет жатыр мойны обырының скринингі көзделген, оған қарап-тексеру мен цитологиялық зерттеу кіреді. 40 жастан кейін екі жылда бір рет әйелдерге сүт безі обырын ерте анықтау үшін алдын ала тексеру — маммография жүргізіледі.
40 жастан кейін ерлер мен әйелдер екі жылда бір рет артериялық гипертонияны, жүректің ишемиялық ауруын, қант диабетін, глаукоманы ерте анықтау бойынша скринингтен өтеді.
50 жастан 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер екі жылда бір рет колоректальды обырды ерте анықтау үшін скринингтен өтуі қажет. Тексеру гемокульт тестін қамтиды, егер ол оң нәтиже берсе, науқас ішектің колоноскопиялық зерттеуінен өтуге жіберіледі.
Медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалы баспасөз қызметінің ақпараты бойынша