Қос құжатқа қол қойды

Ел экономикасын еселей отырып халықтың хал-ахуалын арттыру маңызды міндеттердің бірі һəм бірегейі. Бұл үшін заман талабына сай, мемлекетаралық байланыстарды жанжақты нығайту керек. Осы орайда, Қазақстан жəне Ресей арасындағы қарым-қатынас қай тараптың болмасын оң жамбасына келері күмəнсіз.

Бұған дəуірлер бойғы достықтың нарықтық тұрғыдағы нəтижесі айқын айғақ. Екі елдің арасындағы көпжылдық келісім арқылы көздегенімізге қол жеткізіп, сан салада сенімді серіктес атануымызға даңғыл жол ашылуда. Сондай бір ілкімді іске жаңадан құрылған Ұлытау облысы да қол жеткізіп отыр.

Жуырда «Иннопром Қазақстан» көрмесінің аясында Ұлытау облысының əкімі Берік Əбдіғалиұлы мен Ресей Федерациясы Новгород облысының губернаторы Андрей Никитин кездесу өткізді. Шара барысында өңір басшылары екіжақты ынтымақтастық мəселелерін талқылап, осы бағытта əлеуетті арттыру туралы келісім жасасты. Нəтижесінде 2022 жылдың 28 қарашасында Орынбор қаласында қол қойылған ынтымақтастық туралы Меморандумды жүзеге асыру мақсатында Ұлытау облысы əкімінің орынбасары Дастан Рыспеков пен Новгород облысы губернаторының бірінші орынбасары Евгений Богданов 2023-2025 жылдарға арналған екі облыс арасындағы ынтымақтастық жол картасына қол қойды. Жол картасы өнеркəсіп, сауда, білім, медицина, мəдениет жəне туризм салаларындағы ынтымақтастықты білдіреді.
Одан бөлек, «Ұлытау» əлеуметтік-кəсіпкерлік корпорациясы мен Новгород облысының даму агенттігі арасында сауда-экономикалық ынтымақтастық саласындағы өзара іс-қимыл туралы келісімге қол қойылды.

Елдің дамуы үшін дараланып, бұйығып жатып, тұйық тіршілік ету тиімсіз. Алға басу үшін араласу керек. Осы орайда өңір басшысы өткен жолы Аспан асты елінде де болып, байланыс орнатып, қарым-қатынасты күшейтті. Мемлекетаралық мəміле бар жерде ешбір елдің ұтылмасы, ертеңіне жол ашылары ежелден мəлім. Жоғарыда аталған ынтымақтастық өңірдің сауда-экономикалық жəне əлеуметтік-мəдени саласын дамытуға жəне өңіраралық байланыстарды одан əрі нығайтуға мүмкіндік берері сөзсіз.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.