Ауқымды жұмыстар бар
Ұлытау облысының əкімі Берік ƏБДІҒАЛИҰЛЫ Ұлытау ауданына жұмыс сапары барысында Ақтас кенті мен Пионер ауылында жəне Қарсақбай кентінде болды. Өңір басшысы алдымен Ақтас кентіндегі мектепте болып, білім ошағында жасалған күрделі жөндеу жұмысын қарады. Биыл 20 миллион теңгеге ғимараттың шатыры, терезесі, едені мен жылу жүйесі жаңартылды. Қазіргі уақытта өңірде мұғалім жеткіліксіздігі мен оқушы тапшылығы бар. 9 сыныптық мектепте қазір 21 оқушы ғана білім алуда. Бұл ретте облыс əкімі Оңтүстік өңірден көшіру бағдарламасы бойынша жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Өңір басшысы өз кезегінде кент тұрғындарымен кездесу өткізіп, азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Жергілікті азаматтар облыс əкіміне байланыс, жұмыссыздық мəселесі, тұрғындар санының аздығы жайында сауалдарын қойды.
Кездесу барысында Берік Əбдіғалиұлы өңірде бос тұрған үй болған жағдайда əкімдік тарапынан сатып алынып, үйсіз отбасыларға беру мүмкіндігі бар екенін жеткізді.
Бұдан соң облыс əкімі Ақтас-Пионер жолында атқарылып жатқан жөндеу жұмыстарын да көрді. Қазір мұнда жолды жөндеу, суағарларды салу жұмыстары жүргізілуде. Жоба құны 450 млн.теңге. 2022 жылы басталған жұмыс 2024 жылы аяқталады деп күтілуде.
Өңір басшысы көп жылдан бері Ақтас-Пионер жолында басты мəселеге айналған көктемгі су тасу мəселесінде сақ болу қажеттігін ескертті. Оның алдын алу мақсатында атқарылып жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын сапалы, уақытылы аяқтауды тапсырды.
Облыс əкімі Пионер ауылында халқымен жүздесіп, тұрғындар айтқан əр мəселеге назар қойды. Əңгіме барысында айқын болғанындай, ауыл тұрғындарын өңірдегі ток, су, жұмыссыздық, бала санының аздығы сынды мəселелер толғандырады екен. Ақтас кентімен екі ортадағы жолға көпір салуды жеделдетуге қатысты да сөз болды.
Облыс əкімі Берік Əбдіғалиұлы Қарсақбай кентіне де атбасын бұрып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын бағамдады. Облыс əкімі алдымен денешынықтыру жəне сауықтыру кешенінде болып, ғимаратта ашылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жұмысымен танысты. 100 орындық кешен 2021 жылы қолданысқа берілген болатын. Қазіргі уақытта спорт мектебінде штат саны – 34. Бокс, каратэ, баскетбол, волейбол, стол теннисі, қазақша күрес, тоғызқұмалақ сынды секциялары бар.
Келесі кезекте өңір басшысы Қарсақбай кентінен теміржол станциясына дейінгі автожолын орташа жөндеуден өткізуді қажет етіп тұрған орынға барды. Ұзындығы 4,5 шақырым болатын екі жылдық жоба ҚР ИИДМ «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ведомстводан тыс сараптамасын қарау сатысында тұр. Орташа жөндеу кезінде биыл жол негізін күшейту жəне 2024 жылы асфальттау көзделген. Сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін конкурстық рəсімдер, мердігерлік ұйымды айқындау, шарт жасасу жəне жұмыстарды жүргізу басталмақ.
Сонымен қатар облыс əкімі Қарсақбай кентінде күрделі жөндеуден өтіп жатқан мəдениет үйіне барды. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша ғимараттың едендері цемент қоспасымен құйылды, едендерге жылы еден жүйелері тартылды жəне жылу батереялары мен жылу беру құбырлары ауыстырылды. Мəдениет үйі іргетасының жиектері цементпен бетондалып құйылды. Қазіргі уақытта нысанның ішінде сылақ жəне лефкас тарту жұмыстары жүргізілуде, кіші залдың еденіне кафель салынды. Сонымен қатар ғимаратты қоршау жұмыстары жасалды. Қолға алынған жұмыстар 31 қазанда аяқталады деп жоспарлануда.
Жұмыс сапары аясында Берік Əбдіғалиұлы кент тұрғындарымен кездесу өткізіп, азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.
Досан ДУЛЫҒАЛЫ.