Құрметті Ұлытау облысының ұстаздары!

Мұғалімдер күні – жылулықтың, мейірімнің мерекесі, ұлағат пен өнегенің мейрамы. Бұл күнді барлық адам ерекше қуанышпен, айрықша құрметпен атап өтеді. Себебі, барлық адамның ұстазы бар.

Интеллектуалды ұлт қалыптастыруға, білімді де білікті адамдарды тəрбиелеуге аянбай еңбек ете отырып, Сіздер мемлекеттің жасампаздығына үлес қостыңыздар. Сіздердің өмір жолдарыңыз бүгінгі ұрпаққа табылмас қазына. Облысымыздың білім саласында қазір 6 мыңға жуық мұғалім еңбек етеді. Cоның ішінде 90-ға жуық зейнеткер білім беру саласында əлі де талмай қызмет етіп жүр. Білім беру ұйымдарындағы педагогтердің 10%-ы шебер жəне зерттеуші, 21%-ы сарапшы біліктілік санаты бар педагогтер. Биылғы оқу жылында білім беру ұйымдарына 155 жас маман қабылданды. Білім беру ұйымдарында əлі де 313 маманға қажеттілік бар.

Өткен жылы облыстың 2 педагогі «Үздік педагог» республикалық байқауының жеңімпазы атанса, 4 ұстазымыз облыстық кезеңнің жеңімпазы атанып, бір реттік ақшалай сыйақы алды.

Ұстаздар үшін ең басты сыйақы – шəкірттерінің жетістігі екенін білеміз. Əрбір шəкірт сіздердің ерен еңбектеріңіздің арқасында жақсы азамат болып қалыптасуына, қоғамға адал еңбек ететін азамат болуына тілектеспіз.

Қадірлі педагогтер!

Қоғам мен адамзат алдындағы өлшеусіз еңбектеріңізді ескере отырып, Сіздерге өскелең ұрпақ тəрбиелеудегі өрелі жұмыстар жəне мемлекеттің гүлденуі жолындағы абыройлы істеріңізге табыс тілейміз. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін ұстаздық жолдарыңыз тек өрлеу мен өсуге бастасын.

Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ,
Ұлытау облысының әкімі.

Бауыржан ШЫҢҒЫСОВ,
Ұлытау облысы мәслихатының төрағасы.