ҚАРСАҚБАЙДАН ҚАДІР ҚАШПАЙДЫ

Берік Әбдіғалиұлы жұмыс сапарымен Қарсақбай кентінде болып, өңірде атқарылып жатқан жұмыстардың барысын қадағалады.

Облыс әкімі алдымен денешынықтыру және сауықтыру кешенінде болып, ғимаратта ашылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жұмысымен танысты. 100 орындық кешен 2021 жылы қолданысқа берілген болатын. Қазіргі уақытта спорт мектебінде штат саны – 34. Бокс, каратэ, баскетбол, волейбол, стол теннисі, қазақша күрес, тоғызқұмалақ сынды секциялары бар.

Келесі кезекте өңір басшысы Қарсақпай кентінен теміржол станциясына дейінгі автожолын орташа жөндеуден өткізуді қажет етіп тұрған орынға барды. Ұзындығы 4,5 шқ. болатын екі жылдық жоба ҚР ИИДМ «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ведомстводан тыс сараптамасын қарау сатысында тұр. Орташа жөндеу кезінде биыл жол негізін күшейту және 2024 жылы асфальттау көзделген. Сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін конкурстық рәсімдер, мердігерлік ұйымды айқындау, шарт жасасу және жұмыстарды жүргізу басталмақ.

Сонымен қатар облыс әкімі Қарсақбай кентінде күрделі жөндеуден өтіп жатқан мәдениет үйіне барды. «Ауыл ел – бесігі» бағдарламасы бойынша ғимараттың едендері цемент қоспасымен құйылды, едендерге жылы еден жүйелері тартылды және жылу батереялары мен жылу беру құбырлары ауыстырылды. Мәдениет үйі іргетасының жиектері цементпен бетондалып құйылды. Қазіргі уақытта нысанның ішінде сылақ және лефкас тарту жұмыстары жүргізілуде, кіші залдың еденіне кафель салынды. Сонымен қатар ғимаратты қоршау жұмыстары жасалды. Қолға алынған жұмыстар 31 қазанда аяқталады деп жоспарлануда.

Жұмыс сапары аясында Берік Әбдіғалиұлы кент тұрғындарымен кездесу өткізіп, азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.