Жер қойнауын барлау кластері – Жезқазғанда
Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы геологиялық кластер жобасының құрылысын қарады. Белгілі болғандай, үлкен кешен 2024 жылдың бірінші тоқсанында жұмысын бастамақ. Құрылыс бұрынғы «Жезқазғангеология» геологиялық экспедициясының аумағында жүзеге асырылуда.
Қазба жұмыстарының техникалық және кадрлық ресурстарын біріктіретін жоба жеке компанияның инвестициялық қаржысына жүзеге асырылуда. Нысанның құрылысы аяқталған соң, 150 адам жұмыспен қамтылады.
Қазіргі таңда «Kazakhmys Barlau» ЖШС құрылыстың егжей-тегжейлі жоспарын әзірледі, тозығы жеткен және апатты ғимараттарды бұзып, ол жерлерде жұмыстар жүргізуде.
Бүгінгі күні Ұлытау облысы бойынша 19 учаскеде барлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол міндет «Kazakhmys Barlau» мамандарына жүктелген.
«Kazakhmys Barlau» ЖШС Бас директоры Ғалым Нұржановтың айтуынша өте терең орналасқан немесе құрамында элементті қоспасы бар шикізатты технологиямен бөліп алып шығатын ғылым қажет. Ал геологиялық кластер сол ғылымды Жезқазған өңірінде дамыту үшін салынады.
Аталған орында оқу ғимараттары, қызметкерлерге арналған жатақхана, геофизикалық зертхана және жер қыртысының сынамаларын сақтайтын қойма, геологиялық мұражай салынады. Онымен қоса, өзге өңірлерден және шет елдерден үздік ғалымдар шақырылады.
Жоба Жезқазғанның іргесіндегі Қаныш Сәтбаев бастаған ғалымдар еңбек еткен Қабанбай батыр ауылында жүзеге асырылады.