Серік Мәкенұлы ТӨРЕГЕЛДИН

Ұлт ұясы – Ұлытау тағы бір ұлағаты мол ұлынан көз жазып қалды. Қарағанды, Ұлытау облыстарының өркендеуі жолында айтарлықтай айшықты із қалдырған қайраткер тұлға, ұзақ жылдар республикалық деңгейдегі мемлекеттік құрылымдарда басшылық қызметтерді абыройлы атқарған Серік Мәкенұлы Төрегелдин фәни-жалғаннан бақи-дүниеге баз кешті.

Серік Мәкенұлы 1950 жылы Ұлытау облысы, Ұлытау ауданы, Қарсақбай кентінде (бұрынғы Қарағанды облысы, Жезқазған ауданы) туған.
Ол 1973 жылы Қарағанды политехникалық университетін, 1982 жылы Алматы жоғары партия мектебін, 1997 жылы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 1973 жылы «Казмедьстрой» тресінің тұрғын үй құрылысы комбинатында учаске мастері, инженер қызметінен бастаған.
1978 жылдан бастап, Жезқазған және Никольский қалаларында басшылық қызметтерде болды. Сәтбаев қаласының әлеуметтік- экономикалық тұрғыда дамуына айтарлықтай сүбелі үлес қосты.
1982-1990 жылдары Никольский қалалық партия комитетінің екінші хатшысы, халық депутаттары алалық кеңесі атқару комитетінің төрағасы болды. С.Төрегелдин елдің есінде Сәтбаев қаласының саяси-әкімшілік тарихындағы тұңғыш (1995-1997 ж.ж.) әкім әрі өте күрделі кезеңде қаланы даму жолына бағыттай білген басшы ретінде қалды. Ол кеншілер шаһарына ұлттың ұлы тұлғасы, Қазақстан ҰҒА тұңғыш Президенті, академик Қ.И. Сәтбаевтың есімі берілуіне өлшеусіз еңбек сіңірді. Қайраткер азамат Қаныш Имантайұлының ұрпақтарымен байланысын өзінің соңғы деміне дейін үзбеді.
1998-2002 ж.ж. Индустрия және сауда министрлігінде лауазымды қызметтер атқара жүріп, елімізде метрология және техникалық реттеу салаларын қалыптастыруға үлес қосты. Көптеген жылдар табиғи монополияны реттеу, бәсекелестікті қорғау және шағын кәсіпкерлікті дамытуға байланысты Қарағанды облысындағы өкілетті мемлекеттік органдарға басшылық етті.
2012-2023 ж.ж «Қуатты Қазақстан» азаматтық одағының президенті, ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің мүшесі, кейін төрағасы болды.
Серік Мәкенұлы қай салада қызмет атқарса да әділеттілік, жауапкершілік ұғымдарын басшылыққа ала білуімен ерекшеленді.
Ол еселі еңбегі үшін «Құрмет» орденімен (2011 ж.), бірнеше медальдармен марапатталды. ҚР Құрметті құрылысшысы (2016 ж.) атағының иегері атанды.
Марқұмның отбасы мен туған-туыстарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз.
Кісілік келбеті тартымды, парасат-парқы биік тұлғаның есімі мен бейнесі біздің
жүрегімізде ұзақ жылдар сақталады.

А.Мырзабеков, А.Құрмансейітов, М.Оспанов,
А.Қайырбек, А.Әбжамалов, Е.Дәуітбаев,
А.Сүлейменов, Ә.Жандарбеков, Е.Әбжамалов.