Қазыналы қарт
Халқымыз «қариясы бар үйдің қазынасы бар» дейді. Өмірдің ащы-тұщысын татқан небір қиындықтарды өзінің адал еңбегімен жеңген, көпті көріп, көңіліне түйгені көп қария, арамызда жүрген Ыбрахым БАЙБОЛОВТЫҢ елге сіңірген еңбегі ерен.
Ыбрахым осы Ұлытауда туып-өскен, өзінің туған жерін гүлдендіріп, көркейтуге əлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі еңбек үлесін қосқан қадірменді қария. Ұзақ жылдар бойы Ұлытау, Терісаққан ауылдарында механизатор болып еңбек етіп, өзінің іскерлігімен көпшіліктің көзіне түсіп, алғыстан алқа таққан азамат. Еліміз егемендік алып, Тəуелсіз мемлекет болғаннан кейін жекешелендіру саясатын қолдаған алғашқылардың бірі болды. Ешкіөлмес тауының солтүстік-шығысындағы «Ши» деген жерді алып, өзінің жеке шаруашылығын құрып, оны дамытып, аудандағы іргелі шаруашылықтың бірі болды. Жас ұлғайып, қарттық қаусыра құшақтаған кезде шаруашылықтың тізгінін баласы Дəуренге берді. Дəурен əкесінің құрып берген шаруашылығын дамытып келеді.
Ыбрахымның үлкен ұлы Қайрат Байболов жеке кəсіпкер болып аудан орталығынан дүкен ашып, халықтың қажетін өтеп, қалтқысыз қызмет етіп жүр. Мұның сыртында халықтың талғамына сай тойхана ашып халықтың тойларын, құдайыларын өткізетін бірден-бір орынға айналдырды. Ыбрахым қосағымен қоса ағарып, ұрпағының қызық-қуанышын көріп отырған қазыналы қарт. Өмірлік серігі Несібелді екеуі немере-шөбере сүйіп, отбасының берекесі болып отыр. Қазыналы қарттарымызға ұрпағының қызық-қуаныштарын көріп, ұзақ жасауларына тілектестік білдіреміз.
Мағзұмбек МАШАЙЫҚҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
Ұлытау ауданының Құрметті азаматы.