Жылу науқанына әзірлік мығым
Биыл облыста жүргізіліп жатқан жылу жүйелерін ауыстыру жұмыстары 44, сумен жабдықтау үшін жүргізілген жұмыстар 107 шақырымды қамтиды. Оны толығымен осы айдың соңында аяқтап, жылыту маусымы 10 қазанда басталады деп жоспарлануда. Өңір басшысы аппарат жиынында Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ұлантай Үсеновке жылудың кестеге сай берілуін бақылауда ұстауды тапсырды.
Сонымен қатар Берік Әбіғалиұлы алдағы үш аптаның ішінде Қабанбай елдімекенін газдандыру жұмыстары толық аяқталуы қажет екенін жеткізді. Оған қоса көгілдір отынды орнату үшін тұрғындарға төлем жасау мүмкіндіктерін жеңілдету қажет екенін айтты.
«Қазір ауа-райы қолайлы болып тұр, дегенмен де қазанның 15-іне дейін барлық үйде жылу болуы керек. Біз биыл су және жылу желілерін тарту жұмыстарына баса назар қойдық. Себебі 91-94 орам мен жаңа салынған үйлердің тұрғындары және орталық аурухана алдағы қыста жылудан таршылық көрмеуі керек. Ол жұмыстарға байланысты облыс орталығында қазылған жерлерді жауып, бір қабат асфальт жабынын төсеу қажет. Ал жолдарға күрделі жөндеу жұмыстарын келесі жылға жоспарлаңыздар» – деді өңір басшысы өз сөзінде.
Облыс әкімі орынбасарының баяндауынша биыл халық үшін көмірдің жалпы қажеттілігі 110 мың тоннаны, коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер үшін 401 мың тоннаны құрайды. Ұлытау облысында көмірді сатудың 2 нүктесі жұмыс істейді, Шұбаркөл көмірінің орташа бағасы 15 мың 500 теңге. Белгілі болғандай Шұбаркөл көмір кенішінен нөмірі арнайы тіркеуден өткен көліктер ғана отын тиеуге құқылы. Бұл – облыста көмір бағасының бірқалыпты болуына ықпал етеді.