ҚАРЫЗДЫ ТӨЛЕУ – ПАРЫЗ Жезқазғандықтардың МӘМС бойынша берешегі 8 миллионнан асты
Ұлытау облысының орталығы Жезқазғанда бүгінде 15 мыңнан аса тұрғын МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған. Медициналық көмектің шектеулі көлеміне ғана ие болғандардың қатарында тұрақты жұмысы жоқтармен бірге жеке кәсіпкерлер, жұмыс берушілер мен жұмыскерлер де бар. Жезқазған қаласының мемлекеттік кірістер басқармасының мәліметіне сүйенсек, аталған санаттағылардың берешегі өсімпұлын қоса алғанда 8 млн 640 мыңға жеткен.
Қомақты қарыз жыл басынан бері қалыптасқан. Борышкерлердің көшін жеке кәсіпкерлер бастайды. Нақтырақ айтқанда 351 кәсіпкер, 20 шаруа қожалық иесі мен 65 ЖШС қожайыны 4900 теңге көлемінде бекітілген МӘМС жарнасын уақытылы аудармаған. Одан кейінгі кезекте мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын мекемелер тұр. Бұл дегеніміз, қазіргі таңда білім мен тәрбие, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мемлекеттік қызметте жүрген бірқатар қызметкерлер дәрігерге жоспарлы түрде қаралу мүмкіндігінен қағылып отыр. Жалпы, Жезқазған қаласында 3638 жұмыскер үшін Қорға жарна мен аударым түспеген.
Мемлекеттік кірістер басқармасының «қара тізіміне» 50 адамды жұмыспен қамтып отырған ірі құрылыс компаниясы алынған. Оның 2,5 млн теңге көлеміндегі берешегіне қыркүйектегі жағдай бойынша 172 мың теңге айыппұл салынған. Дәл осындай жағдай мысты өлкедегі кәсіптік білім беретін колледждің бірінде де қайталанып отыр.
Ауру айтып келмейді. Сондықтан, барша жұмыс берушілерді жауапкершілікті терең сезінуге шақырамыз. Қарым-қабілеті ұшқыр, денсаулығы мықты маман ғана жұмыста алға қойылған мақсат-міндеттерді орындамақ. Сонда іс ілгерілеп, сала дамиды.
Қызметкерлердің де құлағына алтын сырға… Айлық табысынан ұсталатын әлеуметтік аударымдардың толық көлемде уақытылы аударылуын жұмыс берушіден талап етіңіздер. Біз бен сіздің басты құндылығымыз – денсаулық екенін ұмытпалық…
Диана ОРАЗАЛИНА.