600-дей тұрғын «тұзаққа түскен»

Ұлытау облысының 600-ге жуық тұрғыны қаржы пирамидасының құрбаны болып, бас-аяғы 135 млн. теңгеден айырылып қалған.

Ұлытау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерік Есенов аппараттық жиында баян еткендей, қазіргі таңда «МетаГо» жобасы бойынша қаржы пирамидасын басқару және оның заңсыз қызметін жарнамалау фактілері бойынша 2 адамға қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Одан бөлек, әкімдік және департамент тарапынан «Aimap» жүйесі арқылы азаматтарға 7971 хабарлама жіберілген.
Сонымен қатар, «Кибернадзор» ақпараттық жүйесіне бұғаттау үшін 243 күдікті сілтеме енгізілді.
Берік Әбдіғалиұлы ұлытаулықтарға алдын ала түсіндірме жұмыстарын жасау маңызды екенін жеткізді. Өңір басшысы Полиция департаментімен бірлесіп тергеу жұмыстарынан бөлек, ағарту жұмыстарын көрнекі ақпарат құралдары арқылы күнделікті жүргізіп отыруды тапсырды.

Досан ДУЛЫҒАЛЫ.