Мерейі асқақ мерейлі отбасы

Доспановтар әулеті «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының республикалық кезеңінде лауреат атанып 1 миллион теңгеге ие болды. Жүлделі сертификатты ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева табыс етті.

Доспановтар отбасы — 11 бала, 29 немере, 26 шөбере тәрбиелеп, 1 шөпшек сүйіп отырған отырған үлкен әулет.

«Қазақмыс» копорациясының құрылымында бірүйлі жанның бір салада еңбек ету үрдісін жалғастырып келе жатқан дәстүрге бай отбасының өндірістегі жалпы еңбек өтілі 400 жылдан асады.

Әулетбасы Қойшыбек атамыз – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген металлургі, КСРО Құрметті металлургі, Октябрь революциясы және Еңбек Қызыл Ту ордендерінің иегері.

Әке өнегесін жалғастырған балалары да металлургтер әулетінің мерейін көтеріп келеді. Ұлы Доспанов Абдрашит мыс зауытының бетке ұстар металлургтерінің бірі. 40 жыл жұмыс өтілі бар. І,ІІ,ІІІ дәрежелі Еңбек даңқы медалінің иегері, ең алғашқы мыс зауытындағы «Еңбек даңқы кавалері» атағына ие болған алғашқы металлург.

«Ат тұяғын тай басар» дегендей Абдрашиттің бастамасын бауырлары да құп көріп, қазіргі уақытта өндірісте Доспановтар әулетінен 10 адам еңбек етуде.