Тіл жанашырлары марапатталды
Қазақстан халқы Тілдері күні мерекесіне орай Ұлытау облысы аумағында мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға, насихаттауға елеулі үлес қосқан мəдениет қызметкерлеріне жəне тіл жанашырларына Ұлытау облысы əкімінің сыйлығы тапсырылды.
Мерекелік кеште Қазақстан Республикасы Ғылым жəне жоғары білім министрлігінің Алғыс хатымен, Қазақстан Республикасы Ғылым жəне жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің Алғыс хатымен бірқатар тіл жанашырлары мен қоғам белсенділері марапатталды. Сонымен қатар, бұл күні облыс əкімі тағайындаған 6 аталым бойынша арнайы номинациялар да өз иелеріне тапсырылды. Атап айтқанда, «Тіл жанашыры», «Тіл майталманы», «Тіл тірегі», «Тіл жаршысы», «Тіл насихатшысы», «Тіл көкжиегі» номинациялары бойынша қоғамдық бірлестіктер мен басқа да үкіметтік емес ұйымдардың, сондай-ақ мемлекеттік мекемелердің ұсынысымен 16 үміткердің құжаты келіп түскен. Əр номинация иегерлері 500 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Кештің ең басты марапаты «Тіл майталманы» номинациясы. Бұл номинацияға ана тіліміздің мəртебесін көтеруге аянбай еңбек етіп жүрген қоғам белсендісі, текті тіліміздің қолданыс аясын кеңейтуге, мəртебесін көтеруге барын салып еңбек етіп келе жатқан Мейрамкүл Мусина лайық деп танылды.
Сондай-ақ, мерекелік кеште мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға, насихаттауға елеулі үлес қосқан тіл жанашырлары облыс əкімінің Алғыс хатына ие болды.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.