«ҰЛЫТАУ КӨКЖАЛДАРЫ» ҰЛЫ ДАЛА ЖОРЫҒЫНА АТТАНДЫ

Өткен жылы ұлттық спортты насихаттау мақсатында Елорда төрінен бастау алған «Ұлы дала жорығы» атты ерекше ауқымды жоба биыл да жалғасын тапты. Оған Ұлытау облысының «Ұлытау көкжалдары» командасы да қатысуда.

Өткен сенбіде ұлытаулықтар жорыққа шыққан ұлдарын Кеңгір ауылынан сəн салтанатпен шығарып салды. Күн көтерілмей жатып Кеңгірдің жағасына ағылған жұртшылық Ұлытаудың намысын ту еткен ұландарға ақ жол тілемекке жиналды. Қаламыздағы қос музей ұйымдастырған көрме шараның шырайын кіргізе түсті. Аймақ ақсақалдары бата берді, қолөнер шеберлері естелік сыйлықтар сыйлады. Жауапкершілік жүгін шабандоздар жақсы түсінеді. «Екі ай болды аттарды дайындап жатырмыз. Былтырғы жылқылар жоқ. Барлығы жаңадан əкелінген аттар. Өзіміз таңдап алдық. Жеңістен үміттіміз» десті олар.

«Ұлытау көкжалдары» өткен жылғы қателіктерден сабақ алып, биылғы додадағы үлкен дайындықпен бара жатқандарын айтты. Астарындағы аттары да кешегі Күреңбай сынды сыншылардың таңдауымен іріктелген. Бақ шаба ма, бап шаба ма, жоқ əлде ат шаба ма?! Ол – уақыттың еншісіндегі дүние.

Айтпақшы, 14 күнге созылатын дүбірлі додаға 20 өңірден 20 команда, 100 шабандоз бен 200 ат қатысады деп күтілуде. 1300 шақырымға созылатын жорық 6 облыс, 12 аудан, 60-қа жуық елді-мекен шекарасын басып өтеді.

Ізбасар ОЙБАС.