Биылғы өнім жылдағыдан аз болады
Бұл аптаның басында, облыс əкімдігінде өткен аппарат жиынында мəлім болды. Ұлытау облысы ауылшаруашылығы жəне жер қатынастары басқармасының басшысы Қайрат МУТАЕВТЫҢ сөзіне қарағанда биыл облыста егін өнімі 2-3 мың тоннаға аз болады деп күтілуде.
Басқарма басшысы мұны биылғы ауа райының қуаңшылығымен байланыстырады. Қардың аз, ылғалдың күткен шамадан кем түсуіне байланысты егін шаруашылығымен айналысатын қожалықтар биыл егіндерінің көлемін шектеуге мəжбүр болған. Орайы келгенде айта кетейік, үстіміздегі жылы облыс дихандары 28 762,2 гектар жерге дəнді-дақылдар сіңірген. Оның 23 585,1 гектары бидай, 3 155 гектары арпа, 4 271,8 гектары азықтық дақылдар, 901,7 гектары көкөніс жəне бақша дақылдары.
Құрғақшылық мал азығын дайындауға да өзінің кері əсерін тигізіп отыр. Өңірімізге қарасты шабындықтардың бəрінде дерлік шөптің шығымы аз. Бұл шөп бағасының қымбаттауына себеп те болуда. Қазір облыста шөптің бағасы орта есеппен 800 теңгені құрайды. Ал, кебектің тоннасы – 85 мың теңге болса, арпаның құны – 95 мың теңге.
Биыл Ұлытау облысы бойынша жалпы көлемі 539 мың тонна шөп дайындау күтілуде, қазір 351 мың тонна шөп дайындалған. Шөп шабу науқанына 200 жүк көлігі, 750 трактор, 598 дана тіркемелі тракторлар, 1000 данаға жуық шалғы, 78 дана шөп тайлағыш, 487 дана тырнауыш, 212 дана шөп артатын техникалар қатысуда.
Жиында облыс əкімі Берік Əбдіғалиұлы шаруашылық иелерімен кездесіп, көмек қолын созу жолдарын қарастыруды жүктеді. Əр өңірдің фермерлеріне арналған жиын өткізіп, техникаларын жаңартуға, шаруашылықты кеңейтуге арналған қаржылай мүмкіндіктерді ұсынуды, насихаттауды тапсырды.