Көмір орталықтан таратылады
Биыл Шұбаркөлден жеке көліктермен көмір шығарылмайтын болды. Өндіріс əкімшілігінің айтуынша, қатты отын арзан бағаға шетел асып жатқан сыңайлы. Сондықтан биыл өңірімізде көмір орталықтан таратылатын болды.
Бұл үшін Ұлытау облысында 2 көмір тұйығы мен 1 көмір қоймасы жұмыс істейді. Оларда бүгінгі күні 780 тонна көмір бар. Тəулігіне орташа есеппен 2 вагон 136 тонна көмір жеткізілуде. Ал, қатты отынның алдағы жылыту маусымында қажеттілігі – 110 мың тонна. Бүгінгі күнге дейін тұрғындарға 14,58 мың тонна көмір немесе 13,3% сатылған.
«ҚТЖ – Жүк тасымалы» ҰК» АҚ тарапынан халыққа көмір дайындау жоспарының орындалуына күнделікті мониторинг жүргізіледі. Теміржол қатынасы жоқ аудандарға көмірді автокөлікпен тасымалдау жұмыстары ұйымдастырылуда.
«Аудан, қала əкімдіктері қолайлы ауа райында көмір сатып алу туралы халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Бүгінгі күнде облыс аумағында көмірдің орташа бағасы 13 700 – 17 500 теңге аралығында. Теміржол қатынасы жоқ аудандарда баға 18 000 – 20 000 теңгеге дейін жетеді» – делінген Ұлытау облысы əкімдігінің «Facebook» əлеуметтік желісіндегі парақшасында.