Ұлытаулық бапкер – құрмет төрінде

Еңбектің еленгені – мəртебенің өскені. Ұлытау аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Есілбай ӨЖКЕНОВ Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне спорт министрлігінің «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Бұл төсбелгіні аудан əкімі Аманжол МЫРЗАБЕКОВ табыстады.

Есілбай Өжкенұлы 1987 жылдан бері аудандық спорт мектебінде жаттықтырушы болып еңбек етіп келеді. Отыз алты жылға жуық бапкерлікпен айналысып, осы саланың қыр-сырына қаныққан азамат. Оның шəкірттері республикалық, халықаралық жарыстарда дзюдо, самбо, қазақ күресінен сан мəрте жүлдемен оралып, Ұлытау абыройын асқақтатқаны белгілі. Келешекте де əлемді мойындатар спортшылар аудан көлемінен шығатынына бек сенімдіміз.

Қазіргі таңда Есілбай жас буынның шеберліктерін шыңдап, жоғарыда аталған күрес түрінің əдіс-тəсілдерін үйретіп келе жатқан спорт майталманы. Бүгін сол еңбегі өз жемісін берді деген ойдамыз. Оның осындай құрметке бөленуі, ауданымыздың, облысымыздың да мерейін өсіргені анық.

Есілбай Өжкенұлын елеулі марапатымен құттықтап, алдағы күндері де бапкер ретінде биік белестерге жете беріңіз, демекпіз.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.