ОЛЖАЛЫ САПАР – ОРАСАН ИГІЛІК

6-9 шілде күндері Бейжің қаласында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев бастаған қазақстандық делегация шетелдік инвестицияларды тарту және өзара сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мақсатында қытайлық компаниялармен екіжақты кездесулер өткізді. Ұлытау облысынан делегация құрамында «Ұлытау» ӘӘК, «Қазақмыс Смелтинг», «Қазақмыс Барлау» секілді компаниялар болды. 

Іссапардың алғашқы күні облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы Бейжің қаласында өткен «Қазақстан Республикасының инвестициялық тартымдылығы» атты ресми жиынға қатысты. Шара барысында қытайлық инвесторлар, бизнес қауымдастық өкілдері мен көптеген үлкенді-кішілі компания өкілдері бас қосты.

Негізгі жиын өткен соң облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы және «Ұлытау» ӘКК Төрағасы Жасұлан Байзақов «Citic construction» өкілдерімен шағын құрамда кездесу өткізді. Кездесу тақырыбы —  Ұлытау облысындағы жылу-электро станциясының құрылысы. Кездесу қорытындысы бойынша «Citic construction» газбен жұмыс істейтін жылу-электро станциясының құрылысын бастауға дайын екендерін жеткізді.

«Citic construction» компаниясы 2002 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Ол — Қытайдың ірі мемлекеттік «CITIC Group» («СИТИК-Групп») қаржы корпорациясының  еншілес кәсіпорны.

«СИТИК Констракшн» халықаралық инжинирингтік компаниясының негізгі бағыттары: өнеркәсіптік, инфрақұрылымдық, спорттық объектілерді, сондай-ақ жылжымайтын мүлік объектілерін салу.

Бейжіңдегі «құс ұясы» Ұлттық Олимпиадалық стадионында «СИТИК Констракшн» қолтаңбасы бар.