ӨҢІР ДАМУЫНДА ӨРЛЕУ БАР

Бүгін Ел Президентінің жаңа облыстар құру туралы Жарлығы күшіне енген күніне арналған көшпелі баспасөз мәслихаты өтті. Брифинг барысында Берік Әбдіғалиұлы республика және аймақтық журналистер алдында соңғы бір жылда қолға алынған және атқарылып жатқан жұмыстарды баян етті. Облыс әкімі алдымен өңірдегі басты 10 ерекшелікке тоқталды.

Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы көшпелі баспасөз мәслихатында өңір басшысы облыс экономикасының 6% — ға өскенін жеткізді.

Одан бөлек Берік Әбдіғалиұлы тұрғын-үй мәселесіне де тоқталды және облыс мәртебесін алғалы Жезқазған қаласында баспана бағасы күрт өсіп кеткенін айтты. Мәселен, ш.м құны 295 мың теңгеден 365 мың теңгеге дейін өскен.

Сондай-ақ Берік Әбдіғалиұлы азық-түлік тауарлары бағасының қымбатшылығы – 19 әлеуметтік маңызға ие азық-түліктің 3 түрі ғана біздің облыста өндірілетініне де байланысты екенін айтты.

Өңір басшысы шаруа қожалық иелеріне, жастардың кәсібін дамытуға, әлеуметтік осал топтағы азаматтарды жұмыспен қамту шараларына арналған жұмыстарға да тоқталып өтті.

Сонымен қатар облыс басшысы өңірдегі денсаулық сақтау саласындағы бірқатар мәселені де тізді және шалғай елдімекендердегі ФАП-тардың құрылыс жұмыстарын да баян етті.

Берік Әбдіғалиұлы республикалық маңызы бар автожолдардың жөндеу, қайта жаңарту, реконструкциялау жұмыстарын да баян етті. Одан бөлек, өңірде құрылысы тұралап қалған нысандардың жұмыстары қайта қарқын алғанын жеткізді.

Ұлытау облысында денсаулық сақтау, білім беру салаларындағы кадр тапшылығы да назардан тыс қалмады. Өңірді таза ауыз сумен, жылумен қамтамасыз ету, абаттандыру шаралары күн тәртібінен түскен емес, осы орайда облыс әкімі жұмыстардың бақылауда екенін жеткізді.

Көшпелі баспасөз мәслихаты барысында өңірдің басты проблемасы – экология екені де айтылды. Облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы аталған мәселенің барлығы – кезең-кезеңімен қолға алынып жатқанын мәлім етті.