Ұлытау облысында 511 мың тонна көмір қорын әзірлеу жоспарда тұр

Облыстың келесі жылыту маусымына дайындық жұмыстары жоспар бойынша атқарылуда. Бұл жайында өңір басшысы Берік Әбдіғалиұлының төрағалығымен өткен аппарат жиынында энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы А.Жандарбеков баяндады.

2023-2024 жж. жылыту маусымына дайындық жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес 42 км жылу желілерін, 107 км сумен жабдықтау және 10 шқ. су бұру желілерін жөндеу, 550,3 шқ. электр желілері мен 263 қосалқы станцияларды, 10 жергілікті қазандықтарды және 109 дербес жылыту жүйелерін, 244 әлеуметтік мәдени тұрмыстық объектілерді, 1 389 көппәтерлі тұрғын үйлерді дайындау жоспарлануда.

Сондай-ақ жиында Талап, Қабанбай батыр және Бөгенбай батыр кенттерінің газ тарату желілерін салу бойынша жұмыстар аяқталып, желілер 680 абонентке тартылғаны, қосылуға техникалық шарттарды алуға 116 абонент жүгініп, 83 абоненттің қосылғаны айтылса, Бекболатсай және Қостанкелді кенттерінің 1 316 абонентіне газ тарату желілерін жеткізу бойынша жұмыстар аяқталғаны баяндалды.

Аппарат отырысында облыс әкімі халықтың жылыту маусымына алаңдаушылық тудыруы – орынды екенін жеткізді. Сол себепті де жылу құбырларын кесте бойынша ауыстыру жұмыстарын қатаң қадағалап, бақылауда ұстау керектігін ескертті.