745 ГРАММДЫҚ НӘРЕСТЕНІ АМАН АЛЫП ҚАЛДЫ
Ұлытаулық ақ халаттылар тағы да ерледі. Бұл жолы олар 745 грамм салмақпен туған нәрестені адам қатарына қосты. Қазір бөпесін жүктіліктің 27 аптасында босанған ананың да, баланың да өміріне еш қауіп жоқ. Екеуінің де жағдайы «өте жақсы» деп бағаланып, олар үйге шығарылды. Бұл жөнінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ұлытау облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Облыстық көпбейінді аурухананың жоғары санатты неонотолог дәрігері, шала туған балаларды күту бөлімінің меңгерушісі Кәукер Құманқызы бастаған ұжым 46 күн бойы кішкентай Раянаның жанынан бір еліге де алыстамады. Күні-түні, тәулігіне 24 сағат шақалақтың денсаулығын бақылаған дәрігерлер соқырлыққа алып келетін көз торындағы зақымдануды анықтады.
Аурухана басшылығының дереу әрекет етуі нәтижесінде Қарағандыдан арнайы шақырылған мамандар нәрестенің көзіне ота жасалды. Осылайша, Раяна өздігімен дем алып, тамақтанып, айналасын көретін жағдайға жетті. Бүгінгі таңда сәбидің ағзасы жақсы дамып, оның салмағы 1700 граммнан асқан.
2004 жылдан бері алғысқа бөленіп жүрген жүздері жарқын ақ халаттылар бала денсаулығын жетілдіріп қана қоймай, үзілген үміттерді де жалғайды. Бөлімдегі аналарды жігерлендіріп, бойына сенім ұялатып, сағын сындырмауға барын салады. Алғашында 8 орынға шақталып ашылған бөлім қазір – 16 кереуетті. Жыл өткен сайын бөлім жаңа медициналық қондырғылармен жабдықталып, қызметкерлері біліктіліктерін арттырып, түрлі курстарда тәжірибесін толықтыруда. Мұның бәрі әрине медицина саласын қаржыландыруды ұлғайтудың нәтижесінде мүмкін болды.
Естеріңізге сала кетсек, МӘМС енгелі денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру көлемі 2,5 есеге немесе 1 трлн. — нан 2,5 триллионға дейін өскен.
Диана ОРАЗАЛИНА.