Берік Әбдіғалиұлы жұмыс сапарымен Жәйрем кентінде болды
Ұлытау облысы әкімінің жұмыс сапары алдымен кентті аралаудан басталды. Алғашқы нысан – Жәйрем кентіндегі кәріз желілерін қайта құру болды. Аталған жұмыстың уақыты – 2022-2024 ж.ж.құрайды. Қазіргі уақытта жоба кестеге сай жүргізілуде, десе де өңір басшысы қайта құру жұмыстары аяқталғанша бақылауда ұстау қажеттігін тапсырды.
Облыс әкімі аралау барысында кенттегі 2 ықшам ауданының ауласында жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмысымен танысты. Аталған орында темір қоршаулар, орындықтар, қоқыс контейнерлерін орнату, кеспе тастар төсеу жұмыстары жүргізіледі. Берік Әбдіғалиұлы аулаларға жарықтандыру жұмыстарын жүргізу маңызды екенін жеткізді.
Аралау жұмыстары Жәйрем кентіндегі №30 ЖББМ-мен түйінделді. Аталған білім ошағы 1976 жылы бой көтерген. Ашылған уақыттан бері жеңіл-желпі жөндеу жұмыстары ғана жүргізіліп келген. Тозығы жеткен ғимарат бүгінде күрделі жөндеу жұмыстарын талап етіп тұр.
Аймақ басшысының жұмыс сапары кент тұрғындарымен кездесумен жалғасты. Жиында облыс әкіміне жәйремдіктер тұрғын үйге, денсаулық сақтау саласына, құрылыс жұмыстарына, Алматы-Жезқазған жүрдек пойызының өңірге тоқтауын қарастыруға қатысты мәселелерін жеткізді.
Облыс әкімі басқарма басшыларына тиісті тапсырмалар беріп, алдағы үш жылда Ескі Жәйрем кентіне ФАП құрылысын жүргізілу қажеттігін және кенттегі көшелерге жылдамдықты өлшейтін бейнебақылау камералары орнатылу қажеттігін тапсырды.