Ақын тілегі – Ұлытау төрінен

Өмір – өзен, кездеседі түрлі өткел,

Амандықта, тыныштықта гүлдеп пе ел?

Жаңа жылым, байтақ қазақ жеріне,

Берекелі, мерекелі жыл боп кел!

 

Ұлт мерейі Ұлытаумен асқақ па ед,

Бірлік деген ортаға ұран тастап па ек.

Ел зәресін алған жаман індетті,

Ескі жылдың еншісіне тастап кет!

 

Тигізбесін кесел елге кесірін,

Гүлдеп, жайнап ауыл – алтын бесігім,

Мектептер мен барлық балабақшалар,

Балаларға айқара ашсын есігін.

 

Ел ертеңі – қылықты қыз, намысты ұл,

Естиікші «сүйіншілеген» дауыс кіл.

Қысы-жазы қазаны оттан түспеген,

Қазағымды тойларымен қауыштыр!

 

Ел алаңсыз тыныштыққа бой ұрсын,

Қуанышқа толсын құшақ, қойын шын.

Атың өшкір «тәжтажалдың» атауы,

Біздің сөздік қорымыздан жойылсын!

 

Баба таудың жақсын Тәңір бағын шын,

Биігінде тарих оты жағылсын.

Туристері алыс-жақын шет елдің,

Кедергісіз Ұлытауға ағылсын!

 

Ескі жылдың әңгіме көп соңында,

Жаңа жылдың жүк қалмасын жолында.

Сиыр жылым, сиырқұйымшақтатпай,

Елдің арман-тілектерін орында!..

 

Мұқаш СЕЙТҚАЗИНОВ.