КЕМШІЛІКТЕР «ТАРАЗЫЛАНЫП», МІНДЕТТЕР АЙҚЫНДАЛДЫ
«AMANAT» партиясы Ұлытау облыстық филиалында облыстық филиал төрағасы Бауыржан Шыңғысовтың тізгін ұстауымен биылғы жылдың бес айында атқарылған жұмыс қорытындысы «таразыға» тартылып, алдағы міндеттер ауқымы айқындалған жиын өтті.
Кеңейтілген сипаттағы кеңеске облыстық филиалдың жаңадан тағайындалған атқарушы хатшысы Ерлан Мырзабеков, аумақтық филиалдардың төрағалары мен атқарушы хатшылары, әр деңгейлі мәслихаттардағы фракциялардың жетекшілері қатысты.
Басқосудың күн тәртібіне ағымдық мазмұндағы жұмыстар мен ортақ мүдделі істі ілгері бастыруға тікелей қатысы бар өзге де өзекті мәселелер шығарылды. Қарастырылған мәселелер бойынша облыстық филиал аппаратының бөлім басшылары хабарлама жасады. Соның ішінде «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» Сайлауалды тұғырнамасы аясында әзірленген облыстық деңгейдегі «Жол картасын» жүзеге асырудың жай-күйі ерекше екшеліп, орын алған олқылықтар егжей-тегжейлі талқыланды. Сонымен қатар, қол жеткізілген жетістіктер де аталып өтілді. Талқылау кезінде жекелеген сауалдар бойынша тиісті аумақтық филиалдардың төрағалары мен атқарушы хатшыларының есептері тыңдалды.
Басқосу барысында сондай-ақ, орындалуы міндетті шаралардың іске асырылуын бақылауды бұрынғыдан да пәрменді ете түсу, партия фракциялары мүшелерінің әлеуметтік желідегі белсенділігін арттыру, жұртшылықпен тұрақты түрде тығыз қарым-қатынаста болу тәсілдерін одан әрі жетілдіру жолдары қарастырылып, тиянақты тұжырымдар жасалды. Облыстық, қалалық және аудандық деңгейде алдағы жарты жылдықта атқарылуы тиіс кешенді жұмыстар жоспарының жобасы белгіленді.
Өз кезегінде облыстық партия филиалының атқарушы хатшысы Ерлан Мырзабеков кешенді жұмыстарды жүйелі жүргізу мен нәтижеге қол жеткізу мақсатында филиалдардың өзара ықпалдасуы жайына қатысты ой-пікірлерін ортаға салып, жиынға қатысушылардың назарын жоба-жоспарларының алғышарттарына аударды.
Жиын түйінінде сайлаушылар сенімін ақтау – бірегей міндет екенін айрықша атап өткен Бауыржан Қабденұлы облыстық филиал аппараты мен аумақтық филиалдар басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«AMANAT» партиясы Ұлытау аудандық филиалының төрағасы, Ұлытау аудандық мәслихатының төрағасы.