ӨРІСТІ ТҮЛІККЕ ТОЛТЫРУ ҮШІН…

Шілдеде Ұлытау облысында АӨК дамытудың 2023-2030 жылдарға арналған бағдарламасы таныстырылады.Бұл туралы аймақ басшысы Берік Әбдіғалиұлының төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде мәлім болды.

Ұлытау облысының дайын агроөнеркәсіптік өнімін өткізудің ішкі мүмкіндіктерін, ресурстарын және нысаналы нарықтарын зерттеу, облысішілік тұтыну, нысаналы нарықтардың қолжетімділігі және тұтыну бағасы мен көлемінің өсу перспективалары негізінде өңірдің агроөнеркәсіптік кешенінің оңтайлы өндірістік және экспорттық себетін әзірлеу, ылғал үнемдейтін суару технологияларын қолдана отырып, өсімдік шаруашылығын (оның ішінде қарқынды көкөніс-бақша шаруашылығын) дамыту бағдарлама бағыттарының ішіне кіреді.

Мал шаруашылығындағы ахуал туралы Ұлытау облысы ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Қ.Мутаев баяндады. Сондай-ақ Қайрат Меңдібайұлы биыл іске асыру сатысында мынадай инвестициялық жобалар тұрғанын атап өтті:
1) Жезқазған қаласында құс етін өндіретін фабрика құру;
2) Жаңаарқа ауданында салқындататын қоймаларымен сою цехы, кейіннен етті терең өңдейтін тоңазытқыш камералары бар 10000 бас малға арналған мал шаруашылығы кешенін құру;
3) Жезқазған қаласының Кеңгір ауылында жұмыртқа өндірісіне арналған құс фабрикасын құру;
4) жалпы ауданы 500 гектардан кем емес жемшөп дақылдарын, картоп пен көкөністерді өсіретін фермерлік шаруашылықтар құру.

Бұл ретте инвестициялардың жалпы көлемі 2023 жылы 2,4 млрд теңгені құрайды, нәтижесінде 154 жаңа жұмыс орны құрылады.

Бұл жобаларды іске асыру — құс еті мен жұмыртқа өндіру тұрғысынан өзін-өзі қамтамасыз етуді 30% — ға арттыруға және жем-шөп бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, Агрокредиттік корпорация 2023 жылдың бес айында мал шаруашылығын дамытуға 983,2 млн теңге қаржыландырғанын атап өткен жөн.

Өңір басшысы аудан әкімдеріне мемлекеттік қолдау шараларын (несиелеу және субсидиялау) пайдалана отырып, жемшөп өндірісін дамыту мәселесі бойынша фермерлермен түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуді тапсырды.

Сондай-ақ, кеңес барысында Берік Әбдіғалиұлы облыс орталығын абаттандыру бойынша арнайы құрылған штаб жұмысының нәтижелері туралы хабарлады. Жалпы, облыстық және қалалық ведомстволар арасындағы өзара іс-қимыл жұмысы жолға қойылды. Барлық жоба бойынша нақты мердігерлік ұйымдар анықталды.