Саяси қуғын сүргін құрбандарын еске алды
Жезқазғанда Саяси қуғын сүргін құрбандарын еске алуға арналған іс-шара өтті. Жиында Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы сөз алып, нәубет жылдарының біздің өңірімізді де айналып өтпегенін жеткізді.
«Сол уақытта Ұлытау-Жезқазған өңірін де аштық жайлады. Алайда, халқымыз небір зобалаңды көрсе де рухын аласартқан жоқ. Бірлігін бекемдеп, ынтымағын арттыра түсті. Тарихи жадымызда жатталған сол қиын кезең – біздің бірлігімізді одан ары бекем етуі керек. Саяси құрбандарымызды ұлықтау, рухтарына тағзым ету біздің парыз»-деді облыс әкімі.
Шараға Ұлытау облыстық, Жезқазған қалалық мәслихаттарының төрағалары, Ұлытау облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің басшысы қатысты және Жезқазған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Қазанбаев сөз сөйледі. Жиналғандар қабырғалы азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Сонымен қатар, Ахмет Ишан Оразайұлы атындағы мешіттің наиб имамы марқұмдардың рухына құран бағыштады.
Ары қарай іс-шара қатысушылары Тоталитаризм құрбандары ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Тарихи деректер бойынша, Қазақстанда 1921 жылдан
1954 жылға дейін 100 мыңға жуық адам сотталып, оның
20 мыңнан астамы атылған.
Тарихи жадымызда жатталған сол замандағы қиын кезеңдердің табы біздің бірлігімізді одан әрі бекемдеп, халықтың жадында мәңгілікке сақталатын болады!