Жолдар жөнделе бастады

Құзырлы мекемелерден келіп түскен ақпараттарға қарағанда биыл Ұлытау облысындағы республикалық маңызы бар жолдарының 45 000 шаршы метріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Бұл жайында облыс əкімдігінде өңір басшысы Берік ƏБДІҒАЛИҰЛЫНЫҢ төрағалығымен өткен аппараттық жиында да айтылды.

Бүгінгі күні «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ тарапынан республикалық маңызы бар «Жезқазған-Қарағанды» бағытындағы жолдың 748-756 шақырымына жөндеу жұмыстары басталған. Одан басқа, «Ұлытау-Арқалық» бағытындағы жолдың 143-163 шақырымын қайта қаптау əдісімен асфальт жабынын төсеу жəне 154 шақырымдағы құбырды ауыстыру көзделген. Сондай-ақ, облыстық маңызы бар «Қаражал-Жаңаарқа» бағытындағы автомобиль жолының 28 шақырымын қайта жаңарту жұмыстары да қолға алынып жатыр. Жалпы, бұл жоба 2020 жылдан бастап іске асырылуда.

– Биыл облыстық, аудандық маңызы бар жолдар да мүмкіндігінше жөнделеді. Осы мақсатта «Қарағанды-Самарқа-Жаңаарқа-Айнабұлақ» бағытындағы 166-174 шақырым жолды орташа жөндеу жоспарланған еді. Жоба бойынша қайта қаптау əдісімен қалыңдығы 7 сантиметр ұсақ түйіршікті асфальт жабынын төсеу жəне жол жиектерін нығайту жұмыстары жүргізіледі. Бұл жұмыс арнайы кестеге сəйкес мамыр айының басында басталып, қыркүйектің 30-да аяқталуы керек.

Сол сияқты, «Ұлытау-Бозтұмсық-Малшыбай-Сəтбаев» бағытындағы 40-48 шақырым жолға да орташа жөндеу жұмыстары, қайта қаптау əдісімен қалыңдығы 7 сантиметр суық асфальтбетон қоспасынан жасалған асфальт жабынын төсеу жəне жол жиектерін нығайту жүргізіледі. Бұл жұмыстар да мамыр айында басталып, қыркүйектің соңында аяқталуға тиіс.

Биыл сондай-ақ, «Қаражал-Шалғия» бағытындағы жолдың 78-81 шақырымына да орташа жөндеу жүргізу үшін 251 млн. теңге қаражат қаралды. Бұл 3 шақырым жолға қайта қаптау əдісімен, қалыңдығы 6 сантиметр ірі жəне 5 сантиметр ұсақ түйіршікті асфальт жабы төселіп, жол жиектері нығайтылатын болады. Жұмыс кестеге сəйкес мамыр айының 4 нен бастап қыркүйектің 30-ы аяқталмақ, – дейді облыстағы құзырлы орын мамандары.

Ізбасар ОЙБАС.