Тартысты бәсеке
Жақында аудан орталығындағы спорт кешенінде аудандық спорт мектебінің ұйытқы болуымен баскетболдан аудандық турнир өтті. Бұл жарысқа 2009-2010 жəне 2012-2013 жылдары туған жасөспірімдер қатысты.
Дəстүрлі шараны аталған орталықтың директоры Марғұлан Сəбденов ашты. Ол жарысқа қатысушыларға сəттілік тілеп, ел ұландарының шымыр болып жетілуі үшін спорттық бəсекелердің маңызы зор екендігін атап өтті. Турнирге аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің баскетбол секциясының жаттықтырушысы Айзат Жыңғылбаева төрешілік етіп, спортсүйер жас буынға лайықты бағасын беріп отырды
Сайыс барысында қай команданың болсын, жеңіске деген жігері айқын аңғарылып тұрды. Десек те, бəсекеде бір тараптың жеңіске жетіп, екіншісінің ұтылуы – заңдылық
Жарыс аясында спортшылар өте қызықты жəне тартысты ойын өрнегін көрсете білді. Жанкүйерлерді еліктірер тамаша сəттері де көп болды. Төрт айналымға созылған бұл турнирде 2009-2010 жылдары туған жасөспірімдер арасынан спорт мектебінің бірінші командасы жеңімпаз деп танылды. Екінші орынды спорт мектебінің екінші командасы иеленді. Егінді мектебінің оқушылары үшінші орынды еншіледі. 2012-2013 жылы туған жеткіншектер арасынан бірінші орынды спорт мектебінің үшінші командасы жеңіп алды. Ал, екінші орын Егінді мектебінің құрама командасына бұйырды.
Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің мадақтама қағазы мен медальдары табысталды.