Ардагерлердің алқалы жиыны өтті

Аудан əкімдігінде Ұлытау ауылдық ардагерлер бастауыш ұйымының төрағасы Есенғали ƏБЖАМАЛОВТЫҢ төрағалығымен кеңейтілген алқа мəжілісі өтті. Оған аудан əкімі Аманжол МЫРЗАБЕКОВ, аудандық мəслихаттың төрағасы Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ, аудан əкімінің орынбасары Аян ƏБЖАМАЛОВ, ауыл əкімі Талғат ƏБЖАППАРОВ, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Əлімбек ЖАНДАРБЕКОВ, мекеме, бөлім басшылары жəне еңбек ардагерлері қатысты.

Мəжіліс басталмас бұрын, төраға дауысқа салу арқылы алқа мүшелерін сайлап алды. Одан соң малдың жайылымы, əлеуметтік сала, мал азығын тұрақтандыру, абаттандыру жұмыстары жөніндегі мəселелерді көтерді. Сондай-ақ, төраға мəжіліске қатысушы ардагерлерді облыс көлемінде өткізілетін іс-шараларға белсенді түрде қатысуға шақырды.

Бұдан кейін аудан басшысы көтерілген мəселелер рет-ретімен шешімін табатындығын жеткізіп, ардагерлерге тұрақты түрде қолдау көрсетілетінін айтып, алқа жұмысына сəттілік тіледі.

Жиында сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Əлімбек Жандарбеков, ауыл əкімі Талғат Əбжаппаров, еңбек ардагерлері жəне мекеме, бөлім басшылары ақпараттарын беріп, өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Жиын барысында ардагерлер бірлігін сақтау, бастауыш ардагерлер ұйымының жүйелік құрылымдарын жетілдіру, олардың бірлігін арттыру, қоғамдық-саяси шараларға қатысуын қамтамасыз ету жайы сөз болды. Мəжілісте қаралған мəселелер бойынша хаттама толтырылды.

Аудан əкімінің баспасөз қызметі.