Ауылдың ахуалымен танысты

Өткен аптада облыс əкімі Берік ƏБДІҒАЛИҰЛЫ Сарысу ауылдық округіне жұмыс сапарымен барып, ауылдың ахуалымен танысып қайтты.

Сапар барысында өңір басшысы Сарысу өзенінің жалпы жағдайымен танысты. Жалпы, Сарысу өзенінің суын Жаңаарқа ауданының 2 кенті мен 6 ауылдық округі, сондай-ақ Ұлытау ауданының 3 ауылдық округі ауыл шаруашылығының қажеттіліктері үшін пайдаланады. Бұл нысанда бөгеттердің болмағандығынан, су топыраққа түседі. Өзендегі судың мөлшері – көктемгі су тасқынына тікелей байланысты. Соның салдарынан кейбір жылдары өзенде су мөлшері анағұрлым азайып кетті. Ал, ол өңірді суландыруға кері əсерін тигізетіні айтпаса да түсінікті.

Келешекте осы проблемаларды шешу мақсатында өзеннің кейбір салаларын жабатын тоғандар салу жоспарлануда. Сол арқылы ауыл шаруашылығы мен балық шаруашылығын дамыту, жерді суландыру көзделуде.

Орайы келгенде айта кетейік, биыл Сарысу өзеніне су жақсы түсті. Көктемгі су тасқыны да өңір тұрғындарына айтарлықтай қауіп төндірген жоқ. Жалпы аудан бойынша су тасқынының жағдайы тұрақты жəне бақылауда.

Өзеннің жағдайымен жақынырақ танысқаннан кейін аймақ басшысы Сарысу ауылының тұрғындарымен кездесті. Ауылдық мəдениет үйінде өткен кездесуде əуелі аудан əкімі Аманжол Мырзабеков ауылдық округке бөлінген қаражат туралы ақпарат берді. Оның айтуынша, осы жылы округ бюджеті 553 млн. 130 мың теңгені құрады. Бұл қаражат тұрғын үй-коммунальдық салаға, оның ішінде – сумен жабдықтау жəне су бұру, көше жарығын күтіп ұстау, балалар ойын алаңын орнату, жолдарды жөндеу жəне басқа да бағыттарға, сондай-ақ білім беру жəне денсаулық сақтау салаларындағы бірқатар жобаға бағытталмақ.

Кездесуде ауыл тұрғындары өздерін толғандырған мəселелерді көтеріп, сауалдар қойды. Сарысулықтар ауыл шаруашылығы мен денсаулық сақтау, жол инфрақұрылымы жəне абаттандыруға қатысты тақырыптарға қызығушылық танытты.

Ауыл тұрғындарымен болған кездесуге бірқатар облыстық басқармалардың басшылары қатысып, тұрғындардың сауалдарына жауап берді. Жиында көтерілген барлық өтініштерді жауапты тұлғалар бақылауға алды.

Кездесуден соң облыс əкімі Берік Əбдіғалиұлы Сарысу ауылында салынып жатқан фельдшерлік-акушерлік пункттің жұмысымен танысты. Жəне, бұл нысанның биыл жазда пайдалануға берілетінін айтты.

Сарысудағы ФАП құрылысы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында басталған болатын. Мердігер – «Градстройсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жобаның жалпы құны 119 305 мың теңгені құрайды.

Құрылысқа жауапты тұлғалар облыс əкіміне фельдшерлік-акушерлік пункт биыл маусым айының соңына дейін пайдалануға берілетінін, онымен іргелес аумақ абаттандырылып, қоршалатынын айтты. Олар сондай-ақ, нысан іске қосылғаннан кейін, бір ауысымда 25 науқасты қабылдайтынын да мəлімдеді.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ