Берік Әбдіғалиұлы жұмыс бабымен Жезқазған қаласын аралады
Аймақ басшысы ең алдымен денешынықтыру-сауықтыру кешені нысанының құрылысымен танысты. Қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан бөлшектеу жұмыстары мамыр айының ортасына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Осыдан кейін бас мердігер – «ТANSU Construction» ЖШС жерді қазу, дайындау жұмыстарына көшеді.
Қазіргі уақытта нысанда 10 адам жұмыс істейді. Жобаны іске асыру мерзімі — 2023-2024 жылдар.
Еске салайық, Жезқазған қаласындағы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысына тапсырыс беруші — «Қазақмыс» корпорациясы.
Осыдан соң, облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы Анарқұлов көшесіндегі №9 үйдің тұрғындарымен кездесті. Аймақ басшысы жиналғандардың үйге қызмет көрсетуге, аула тазалығы мен ұқыптылығына қатысты бірқатар мәселесіне құлақ қойды.
Бұдан әрі аймақ басшысы қалааралық жол жабындарының шұңқырларын жөндеу жұмыстарымен танысты. Жезқазған қаласының әкімі Қ.Шайжановтың айтуынша, асфальтбетон зауыттары қар ерігеннен кейін бірден іске қосыла бастаған. Мердігерлер 31 наурызда жолдарды қырып, тегістеуге кірісіп кетті. Қазіргі уақытта Жезқазғандағы орталық көшелерде шұңқырларды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстарды сәуір айының соңы мен мамыр айының басында аяқтау жоспарлануда. Әрі қарай жол жабынына орташа жөндеу жүргізіледі.
Берік Әбдіғалиұлы жолдарды жөндеуге бір емес, бірнеше мердігер ұйымды тарта отырып, осы бағыттағы жұмысты жандандыруды тапсырды.