ҰЛЫТАУ АУДАНЫ: Мәслихат төрағасы сайланып, тұрақты комиссиялар құрамы бекітілді

Бүгін Ұлытау аудандық сайлау комиссиясы сегізінші шақырылған Ұлытау аудандық мәслихатының депутаттарына «Мәслихат депутаты» куәліктерін тапсырып, төсбелгілерін тақты. Аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Мақсұт Ахметов халық қалаулыларына сәттілік тілеп, ел аманатын арқалаудың жауапкершілігі басым екенін еске салды.

Аудандық мәслихаттың бірінші сессиясына аудан әкімі Аманжол Мырзабеков, аудан әкімінің орынбасарлары, мекемелер, бөлімдер басшылары, кенттер мен ауылдық округтер әкімдері, аудандық сайлау комиссиясының мүшелері, БАҚ өкілдері қатысты.

«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабы, 2-тармағына сәйкес, аудандық мәслихаттың бірінші сессиясын аудандық сайлау комиссиясының төрағасы ашты. Алғашқы кезекте ол депутаттар мен қатысушыларды сайлау нәтижесімен таныстырды.


Сессия барысында ашық дауыс беру тәртібімен сегізінші шақырылған Ұлытау аудандық мәслихатының төрағасы лауазымына №9 Аманкелді сайлау округінен сайланған депутат Ахат Құрмансейітов мандат иелерінің толық құрамда бірауыздан қолдауы арқылы сайланды.Сонымен қатар, аудандық мәслихаттың өз өкілеттігі мерзіміне тұрақты комиссиялар құруы талабына сәйкес, 3 тұрақты комиссия өз қызметіне кірісетін болды.
Бюджет пен қаржы, экономикалық реформа мен заңдылық және құқық тәртібі жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағалығына Эльмира Ершұманова, халықты әлеуметтік қорғау және әлеуметтік мәдени саланы дамыту жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағалығына Гүлдана Асанханова сайланса, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, экология, құрылыс, байланыс, көлік және коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы болып Бақытжан Нұрғазинов бекітілді.
Сессияда сондай-ақ, «AMANAT» партиясы Ұлытау аудандық филиалының аудандық мәслихаттағы фракциясы тіркеліп, оған Марфуға Әбілдина жетекшілік ететіні айқындалды.


«Жергілікті тұрғындардың аманатын арқалаған депутаттардың халықтың тұрмыс сапасын арттырудағы жауапкершіліктері жылдан-жылға арта беретін болады. Тиімді нәтижеге бірлік пен ынтымақ, жоспарлы әрі жүйелі жұмыс, тынымсыз еңбек арқылы ғана жете аламыз. Баршаңызды Ұлттың және Ұлытаудың мүддесі үшін адал қызмет етуге шақырамын», – деді мәслихат төрағасы Ахат Құрмансейітұлы сөз түйінінде.
***
Сессия жұмысы тиянақталған соң сөз алған аудан әкімі Аманжол Мырзабеков депутаттарды мандат иелері атануымен құттықтап, алдағы қызметтеріне толайым табыс тіледі. Тізе қоса атқаруға тиісті жұмыс ауқымы аз емес екенін атап өтіп, бірлесе жүргізілетін шаруалардың ел игілігіне жарап, халықтың әл-ауқатын нығайтуға дәнекерлік етеріне сенім білдірді.