Ұлытауда ең үздік киіз үйді полицейлер тікті

Ұлытау облысының полиция департаменті «Үздік киіз үй» сайысында бас жүлдеге ие болды. Жалпы облыс орталығында алпысқа жуық киіз үй тігілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ұлыстың ұлы күні Жезқазған қаласының Алашахан даңғылы бойында қаз-қатар ақшаңқан киіз үйлер бой көтеріп, қала жұртшылығына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Наурыз мейрамын атап өтуге арналған облыс бойынша ұйымдастырылған іс-шараның бірі ұлттық нақышта безендірілген үздік киіз үй байқауы болды.

Барлық мекемелер атсалысқан сайыста, арнайы комиссияның ұйғарымымен полиция департаментінің киіз үйі «үздік» деп табылып, бас жүлдені иеленді. Мерекелік іс-шара аясында полиция департаментінің ұйымдастыруымен «Қош келдің – әз Наурыз» атты концерттік бағдарлама әзірленіп, халық әндері шырқалды.

Көрерменге ән мен күйден тарту жасап, жас жеткіншектерден құралған «Жетігеншілер» тобы өз өнерлерін ортаға салды.

Полиция қызметкерлері және «Алға, Бас» театрынан құралған өнерпаздар тобы қыз ұзату дәстүрін сахналап, жиылған жұртқа ұлттық құндылықтарымыздан сыр шертер қойылымын ұсынды.

Мерекелік концертті тамашалауға келген көпшілік дәстүрлі тағамдардан дәм татты.

Полиция департаментінің бастығы Қайыркен Әлиев облыс тұрғындары мен қонақтарын мерейлі мерекемен құттықтап, кең байтақ қазақ жерінің дәл жүрегінде орналасқан Ұлытаудың, төл тарихымызда алар орны ерекше деп атап өтті. Шара барысында ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды. Гір көтеру сайысында бәсекелестерінен оза шапқан полиция қызметкері Балта Айдын бас жүлде иеленді.

Келесі кезекте «қол күрес» сайысы ұйымдастырылып, айқын басымдылықпен қарсылас шақ келтірмеген қала тұрғыны Қожаберген Ғалым бірінші орынды жеңіп алды.

Сонымен қатар, көпшілік тағатсыздана күткен «қошқар көтеру» сайысынан 114 рет көтеріп үздік нәтиже көрсеткен полиция қызметкері Алпысбай Марғұлан бас жүлдеге қол жеткізді. Сайыс жеңімпаздары марапатталып, сыйлық алды.