Наурыз келді, құт келді!
Тамырын тереңге тартқан əз Наурыз – береке мен бірліктің, тазалық пен татулықтың тұғырын нығайтып, риясыз қуаныш пен шаттыққа кенелтер ұлық мереке. Наурыз мейрамы дінмен, ұлтпен немесе саясатпен байланысты емес. Наурыз – Шығыс күнтізбесі бойынша жыл басы. Күн мен түннің теңелетін мерзімі. Десекте, бұл – мереке табиғаттың жаңаруымен, рухани тазарудан бастау алып, халқымыздың дəстүрлерін сақтаудың нышанына айналды. «Ұлыстың ұлы күні» деп аталған Наурыз қашаннан еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мейрамы ретінде белгілі.
Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігін табиғат-анамен байланыстырған халқымыз Наурыз келгенде, құт келді деуі сондықтан. Бұл күні өткенге салауат айтып, жаңа күнге жоспар құрған. Жыл сайын ақпейіл халқымыз Наурыз мерекесін ерекше қастерлеп, барынша дайындалған. Өздерінің ыстық пейілін, үміт пен сенімін, ізгілікті түсіністікпен көрсете білген. Адамдар өзара өкпе-назын ұмытып, қателігі болса кешіріп, бір-бірімен көрісіп, құт-береке тілеген. Наурызды жақсылықтың жаршысы, бақ-береке бастауы, ырыс пен молшылықтың арқауы деп бағалаған.
Бүгінде Наурыз мерекесі əлемнің 17 елінде аталып өтіледі. Қазір бұл мереке миллиондаған адамдарды біріктіріп, барлығымызды ортақ ұмтылыстар мен жасампаздыққа жетелейді. Біздің əрқайсымыз мереке барысында өз қуанышымызды бөлісе отырып тұтастығымызды нығайта түсеміз. Бір кездері ұмыт қалуға айналған «Көрісу» күні де бүгінгі таңда бұқаралық сипат алуда.
Ал, халықтың мифологиялық түсінігі бойынша 21 наурыз түні даланы Қызыр аралайды деген ниетпен бұл күнді халқымыз қасиетті, киелі күн санаған. Əр жерде от жағып, отқа май құйып түрлі ырымдар жасалынған. Халық таза, жаңа киімдерін киген. Осы күні кəрі-жас арқа-жарқа болып бір-біріне жақсы тілек айтып, араздаспаған. Яғни, Наурыз күндері мерекелік дастарқан жайылған. Оған қойдың басы мен сүр ет салынып əкелінуі – қыс тағамымен қоштасуды, құрамына ақтың қосылуы – жаз тағамымен (сүт, ақ) қауышуды білдіреді. Əдетте, осы күні адамдар арам-пиғыл, пендешілік атаулыдан тазарып, ар-ожданы алдында арылады. Ағайын-туыс, көрші-қолаң, дос-жаран болып жұмылып, төс қағысып, дастарқаннан дəм ауыз тиеді. Арнайы дайындаған жеті ақ кесемен дəстүрлі наурызкөже үлестіріледі. Наурыз келді, ырыс келді деп əр шаңыраққа бақыт пен шаттық толсын деп тілек тілейді. Өйткені, наурызда қолға алынған игі істер, айтылған ізгі тілектер баянды болады деген ұғым бар. Сондықтан ұлттық мейрамымызды лайықты дəрежеде тойлай білу керек жəне жаһандану жағдайында ұлттық бірегейлікке айналдыру – бізге парыз.
Ал, халық түсінігінде Наурызды қалай қарсы алсаң, жылды солай өткізесің деген наным-сенім де қалыптасқан. Содан да болар, жұртшылық бұл мерекеде ұлттық салт-дəстүрлерді, ырым-жоралғыларды мейлінше көрсетуге тырысады. Шынында да, Ұлыстың ұлы күнінің халыққа ұлттық құндылықты үндейтін жақтары жетерлік.
Түптеп айтқанда, Ұлыстың ұлы күні – көшпелі көне жұрттың көк Тəңірге алғыс айтып, баба ырымын кейінгі буынға ұғындыратын іске арқау болар күн. Ендеше, Наурыз мерекесі əр шаңыраққа ырыс-береке əкелсін. Жер бетіндегі жақсылық ұялататын күнді жақсы ниетпен қарсы алайық!
Қайрат ЖҰМАБАЙ