Көлік салығын кешіктірсеңіз – айыппұл арқалайсыз
Мемлекеттік кірістер департаменті облыс тұрғындарына 1 сәуірге дейін 2022 жылға арналған көлік салығын төлеуі керектігін ескертті. Көлік құралдары салығының сомасын e-Salyq Azamat мобильді қосымшасындағы дербес калькулятор арқылы есептеуге болады.
Бүгінде көлік иелеріне салық сомасы жіберілген. Егер, оны төлемеген жағдайда көлік иесіне әр кешіктірілген күнге айыппұл салынады. Сонымен қатар, 30 жұмыс күні ішінде берешекті өтеу туралы хабарлама жіберіледі. Хабарландыру мерзімі өткеннен кейін берешек сомасы 1 АЕК-тен асатын болса, оған 5 жұмыс күні мерзімімен салық бұйрығы жіберіледі. Қарыз өтелмеген жағдайда іс сотқа кетеді.
Ағымдағы жылдың 1 қаңтарындағы дерек бойынша облыста 198 182 жеке тұлғада 284 428 көлік құралы тіркелген. Бұл дегеніңіз, 4,8 миллиард теңгеге жуық көлік салығы өндіріледі деген сөз.