Ұлытау облысында тоғыз елді мекенді газдандыру жоспарлануда

Ұлытау облысында 2030 жылға дейін тоғыз елді мекенді газдандыру жоспарлануда. Бұл туралы  облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлының төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде белгілі болды. Кеңесте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы А.Жандарбеков жиынға қатысушыларға аймақтағы  елді мекендерді газдандыру барысы туралы айтып берді.
Қазіргі таңда мамандар 2030 жылға дейін газдандырудың өңірлік схемасын әзірлеген. Осы схемаға сәйкес облыста барлығы тоғыз елді мекен газдандырылады. Олар: Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал, Жаңаарқа, Жәйрем, Кеңгір, Ұлытау, Жезді және Қарсақбай.
Жезқазған қаласын газдандыру жобасы 3 кезектен және 7 іске қосу кешенінен тұрады. 2019-2025 жылдар аралығында 4562 үй табиғи газбен қамтамасыз етіледі. Жалпы алғанда облыста барлығы 17 мыңнан астам үйді табиғи газбен қамтамасыз етуге болады.
Бүгінгі таңда облыс орталығында газ тарату желілерін салу жұмыстары жалғасуда. Басқа өңірлерде газ құбырлары мен газбен жабдықтау жүйесінің құрылыстарын салуға жобалау-сметалық құжаттаманы дайындау бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Жалпы, облысты газдандырудың өңірлік схемасын іске асыру өнеркәсіп пен коммуналдық-тұрмыстық саланың бірқатар объектілерін табиғи газға ауыстыруға, сондай-ақ оны тұрғын үй секторында жылыту және тамақ дайындау үшін пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, газдандыру отын-энергетикалық тепе-теңдікті және жекелеген аудандар мен жалпы облыстағы экологиялық жағдайды едәуір жақсартады.