Жезқазғанда жүрекке ота жасалады

Әлемде жыл сайын  жүректің ишемиялық ауруынан 12 миллион адам қайтыс болады. Бұл дерт Қазақстанда да дендеп тұр. “Ертеректе 50 жастан асқандарда кездесетін бұл ауру түрі қазір жасарып келеді”, – деп дабыл қаққан “Жезқазған медициналық орталығы» ЖШС-нің жоғары санатты кардиолог-дәрігері Елена Никонованың командасы күні кеше тағы бір пациентті өлімнен арашалап қалды.

Жаңаарқа ауданына қарасты Бидайық жалпы білім беретін мектебінде ұстаздық етіп жүрген Қайрат Жалмағанбетовтің кенеттен жүрегі қысып, дем алуы қиындайды. Жұмыс орнынан дереу аудан орталығына жеткізілген ұстазды мұндағы дәрігерлер санитарлық авиациямен Жезқазған қаласына жөнелтеді.

Осылайша, миокард инфарткісіне шалдыққан  Қайрат Орынбайұлы әп-сетте білікті маман Антон Эмаковтің ота үстеліне түсті. Ақ халаттылар науқастың тарылған тамырына стенд қойып, жүрек жұмысын қалыпқа келтірді. Қазір оңалту бағдарламасынан өтіп жатқан Қайрат Жалмағанбетовтің алақаны шипалы жезқазғандық дәрігерлерге айтар алғысы зор.

– Ақ халаттылардың арқасында  мен тыныстап, әлемнің бар тамашасын қызықтап отырған жайым бар. Жүрегімнің соғуы тоқтамау үшін көп тер төккен кардиология бөлімі ұжымына бас иіп, ризашылығымды білдіремін. Кәсіби шеберлігі мен мамандығына деген адалдығы, адамгершілігі үшін  құрметім шексіз, – деп ағынан жарылған пациенттің күрделі отасы да, қатарға қосуды мақсат еткен оңалту бағдарламасы да тегін жүргізілгенін айта өту керек.

Бүгінде 24 орынға шақталған “Жезқазған медициналық орталығы”  ЖШС-нің кардиологиялық бөлімде пациенттерге тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен медициналық көмек көрсетіледі.

Өткен жылыЖезқазған медициналық орталығында 354 коронарография жасалып, 118 науқасқа   жедел миокард инфарктісі диагнозы қойылған. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен жүрегіне ота жасалған 172 пациентті оңалтқан.

Естеріңізге сала кетсек, МӘМС жүйесіндегі медициналық көмек барлық сақтандырылған азаматтарға олардың жарналарының мөлшеріне қарамастан, тегін көрсетіледі.

Дегенмен, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Ұлытау облысы бойынша филиалының директоры Әлібек Бердыбековтің айтуынша, бүгінгі таңда Ұлытау облысының медициналық мекемелерінде тіркелген 220 674 тұрғынның 29502-і   –  сақтандырылмаған. Сақтандырылмағандардың 827-сі  – жеке кәсіпкер немесе жеке практикамен айналысатын азаматтар, 915-і азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарт бойынша табыс табатындар болса, тағы 7 308 жұмыскер үшін жұмыс беруші ай сайынғы МӘМС аударымын аудармаған. Өкінішке қарай, сақтандырылмаған азаматтар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне ғана ие.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры»

КЕАҚ Ұлытау облысы бойынша филиалының баспасөз қызметі