Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу мәселесі қаралды
Облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлының төрағалығымен өткен кезекті аппарат кеңесінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу мәселесі қаралды. Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Г.Төлеуов, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысы А.Сексенбаева, қалалар мен аудандардың басшылары жиналғандарға ағымдағы жағдай және осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Мәселен, 2022 жылғы 24-31 қаңтар аралығында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға индексі облыс бойынша 100,1%-ды құраған. Егер басқа өңірлермен салыстыратын болсақ, Ұлытау облысының индексі республикалық деңгейден төмен (100,3%).
Өткен аптада баға өсуі ӘМАТ-тың 19 атауынан 3 позиция бойынша тіркелді: күріш – 0,9%-ға (466-470 теңге), бағасы республикалық деңгейден 30,2%-ға жоғары; пияз-2,9%-ға (210-216 теңге), бағасы республикалық деңгейден 43%-ға жоғары; қырыққабат-1,5% — ға (135-137 теңге), бағасы республикалық деңгейден 30,5%-ға жоғары.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға индексі динамикасының күрт өзгеруі жаңа жылдан бастап орын алған. Негізгі себептердің бірі — ауа-райына байланысты жолдардың жабылуы. Бұл ретте облыста баға белгілеудің бүкіл тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі комиссия жұмысын жалғастыруда. Бүгінге дейін сауда үстемесін бұзу бойынша 23 хаттама жасалған (күріш, қарақұмық, жұмыртқа және күнбағыс майы бойынша).
Нәтижесінде бағалар 8-10%-ға төмендеді. Өңір басшысы бұл мәселені ерекше бақылауда ұстауды тапсырды. Бүгінгі таңда сауда үстемесін 15%-дан 10%-ға дейін төмендету бойынша 223 меморандум жасалды (11 – ірі сауда желілерімен, 212 – үй жанындағы дүкендермен).
«Ұлытау» ӘКК ақпаратына сәйкес, Үкімет резервінен облыстың тұрақтандыру қорын қалыптастыруға 1 млрд теңге бөлінді. Бұдан басқа, 2023 жылға арналған облыстық бюджетте
осы мақсаттарға арнайы қаражат бөлу жоспарланып отыр (1 млрд теңге – форвардтық сатып алуға, 200 млн теңге – ерте егін жинау көкөністерін контрактациялауға).
Баяндамалардың қорытындысы бойынша өңір басшысы ӘМАТ бағасын ұстап тұру бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруды тапсырды. «Тұрғындарға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін артық маржасыз және делдалсыз сатып алу үшін жағдай жасау қажет», — деп қорытындылады Берік Әбдіғалиұлы.