Жұмыла көтерген жүк жеңіл
Бүгінде Ұлытау облысында сақтандырылмаған азаматтардың саны 30 мыңнан асқан. Өкінішке орай, олардың ішінде айма-ай МӘМС жарналарын аудармайтын жұмыс беруші де, жұмыскер де, кәсіпкер мен өз-өзін жұмыспен қамтығандар да бар. Сақтандырылған тұрғындардың қатарын көбейте отырып, ұлт саулығына һәм ел байлығына үлес қосуды мақсат еткен Қордың Ұлытау облысы бойынша филиалы «Атамекен” ҰКП Ұлытау облысы бойынша өкілдігімен бірлесіп, ақпараттық жұмысты күшейтуге бел буды.
Филиалдың ұсынысына қолдау білдірген облыстық өкілдік директоры Гүлмира Каженованың төрағалығымен облыстың ірі бизнес иелерімен келелі кездесу ұйымдастырылды.
Жиынға филиал директорының орынбасары Абылайхан Рахымов, сондай-ақ облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Азат Исенов қатысып, кәсіпкерлерге 2023 жылы орын алған өзгерістерді түсіндірді.
2023 жылдан бастап кәсіпкерлер өздері үшін 4900 теңге, қызметкері үшін 3%, сондай-ақ жұмыскер табысынан 2% аудару қажеттігін тілге тиек еткен Абылайхан Мейірманұлы МӘМС жүйесінің артықшылықтары мен мүмкіндіктерін де ашып айтты.
Денсаулық мәселесі кім-кімді болсын алаңдатпай қоймайтыны анық. Емін-еркін форматта өрбіген кездесуде сұрақтарына тұщымды жауап алғандардың сұранысы бойынша «Атамекен” ҰКП Ұлытау облысы бойынша өкілдігі мен Қор филиалы ай сайын түрлі тақырыпта кездесулер ұйымдастырып, тікелей эфир өткізуге уағдаласты.
“Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕАҚ Ұлытау облысы бойынша филиалы