Кімнің тісі тегін емделеді?
2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры стоматологиялық қызмет көрсету үшін стоматологиялық клиникалармен тікелей келісімшарттар жасай бастады. Бұрын шарт емханалар арқылы жасалып келді. Яғни пациент тіс дәрігерінің көмегіне жүгіну үшін алдымен отбасылық дәрігерге барып, жолдама алу керек болатын. Енді тісі ауырғандар уақыт оздырмай бірден стоматологқа көріне алады.
Дегенмен, тіс емдеу бәріне бірдей тегін еместігін ескеру керек. Шұғыл стоматологиялық көмек кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті шеңберінде, халықтың әлеуметтік жағынан аз қорғалған санаттарына ғана көрсетіледі. Олардың қатарында 18 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, ҰОС ардагерлері, зейнеткерлер, 1,2 және 3 топтағы мүгедектер, «Күмiс алқа» және «Алтын алқа» төсбелгілерінің иелері, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, мүгедек балаға немесе бірінші топтағы мүгедекке күтім жасайтын жұмыс істемейтін азаматтар бар.
Шұғыл жағдай деп қандай кезде айтуға болады:
көбінесе стрептококктар немесе стафилококктар тудыратын терінің, тері астындағы тіндердің жедел бактериялық флегмонус инфекциясы;
абсцесс, фурункул, карбункул сияқты жақ-бет аймағының өткір одонтогентті емес қабынатын аурулары;остеомиелит;
сыртқы қолжетімділікті қажет ететін тісті жұлу;
тек стационар жағдайында ғана көмек көрсетуге болатын басқа да жағдайлар. Егер тексергеннен кейін тіс дәрігері амбулаториялық жағдайда көмек көрсету мүмкін емес деп шешсе, ол пациентті емдеуден бас тартуға және оны жедел жәрдем арқылы ауруханаға жіберуге құқылы.
Науқастың өміріне қауіп төндіретін кенеттен болатын жіті аурулар мен созылмалы аурулардың өршуі кезінде шұғыл стоматологиялық көмек қажет. Олар: пульпит (жедел немесе созылмалы қабынуы);периодонтит (жедел немесе созылмалы қабынуы);жақ-бет жарақаты (мысалы, тістің шытынауы немесе сынуы); жақ-бет аймағының одонтогендік және одонтогендік емес қабынудың өршуі; стоматит; жедел ауырсыну жағдайларында; шұғыл хирургиялық араласуды қажет ететін емдеулер.
Медициналық сақтандыру пакеті шеңберінде 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдер амбулатория деңгейінде жоспарлы стоматологиялық көмекті тегін ала алады. Бұл санаттағыларға тісті жансыздандыру және жұлу, сондай-ақ пломба салу, абсцесстерді ашу, пульпит пен периодонтитті емдеу, гипоплазия, флюороз кезінде тістің анатомиялық пішінін толық функционалды қалпына келтіру, еріндер мен тіл жүгеншегінің пластикасы, жақ-бет аймағының туа біткен патологиялары және таңдайдың бөлінуі (қасқырдың аузы) болған кезде ортодонтиялық қызметтер тегін көрсетіледі.
Жоғарыда аталған шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмекті Ұлытау облысында “Стоматология Асия” ЖШС, жоғары медициналық колледж (Жезқазған қ.), “Стоматолог” ӨК, қалалық емхана (Сәтбаев қ.), Ұлытау, Жаңаарқа ауданының ауруханалары мен Жәйрем кентінің ауруханасы тегін негізде жеңілдік санаты барларға көрсетеді.
“Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Ұлытау облысы бойынша филиалының баспасөз қызметі