Ұлытау облысында Білім басқармасы алқасының бірінші отырысы өтті
Жезқазған қаласында Абай атындағы мамандандырылған мектеп-интернатта «Тәрбиеге және тұрақты дамуға ықпал ететін құзыреттіліктерді қалыптастыруға бағытталған педагогикалық орта: тәжірибе, өзгеріс, жоспар» тақырыбында Ұлытау облысы білім басқармасының алқа отырысы өтті. Алқа отырысына Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ғ.Құсманғали, аудандық, қалалық білім бөлімдері мен ұйымдарының басшылары, мұғалімдер, педагогикалық еңбек ардагерлері қатысты.
Ғ.Құсманғали кездесуге қатысушыларды құттықтап, педагогтардың алдына бірқатар міндет қойды. Атап айтқанда, облыс әкімінің орынбасары білім беру ұйымдарын кадрлармен қамтамасыз ету үшін «Жаңа кәсіптер атласын» және ұзақ мерзімді Жол картасын әзірлеуді, сондай-ақ 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамтамасыз ету жөніндегі шараларды белсенді іске асыруды жалғастыруды тапсырды.
Іс-шараның ерекшелігі – қоғам өкілдері, ата-аналар мен оқушылардың алқа жұмысына тікелей қатысуы болды.
Жиналғандар өткен жылдың қорытындысына, сондай-ақ білім беруді дамыту стратегиясына және педагогтердің озық тәжірибесіне назар аударды. Бірден бірнеше сұрақ қарастырылды: «Мектеп жасына дейінгі балалардың ерте дамуы: баланың даралығы мен субъективтілігін қалай қолдауға болады?», «Интеграциядан-инклюзияға: инклюзивті мәдениетті қалай құруға болады?», «Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін қажетті мамандарды қалай дайындаймыз?», «Баланы табысты өмірге бейімдейтін өнімді ортаны қалай құруға болады?», «Технологиялық серпіліс дәуірінде мұғалімдерді қалай өзгертуге болады?», «Мұғалімдер мен ата-аналардың педагогикалық одағын қуатты тәрбиелік күшке қалай айналдыруға болады?», «Оқыту сапасы: оны қалай өлшеуге болады?».
Отырысты облыстың қалалары мен аудандарында өткізілген арнайы воркшоптар мен педагогикалық симпозиумдар жалғастырды. Қорытынды іс-шара екі бөлімнен тұрды. Бірінші кездесуге қатысушылар «Басқарушылық тәсілдің нәтижесі – оқытуға және тұрақты дамуға ықпал ететін құзыреттерді қалыптастыруға ынталандырылған команда» тақырыбын талқылады. Екінші бөлім пленарлық сессия болды, онда облыстық білім басқармасының басшысы С.Төлекова «Ұлытау білімі» өңірлік бағдарламасын таныстырды. Сонымен қатар, жиналғандарға облысымыздың бірқатар білім беру ұйымдарының озық тәжірибесі ұсынылды.
Сондай-ақ, шарада алты педагог «Ұлытау облысының үздік педагогы»атағына ие болды, ал балалар жылының қорытындысы бойынша бірқатар қоғам қайраткерлері, меценаттар мен түрлі қызмет салаларының өкілдері Оқу-ағарту министрлігінің грамотасымен марапатталды.