«Азаматтық бақылау – Түбіртекті талап ет!»
Ұлытау ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы Мемлекет басшысының өзін-өзі реттеу, қоғамдық бақылау тетіктерін мораторий қолдану кезеңінде жандандыру туралы тапсырмаларына сəйкес Мемлекеттік кірістер комитеті бақылау-касса машинасының фискалдық түбертектерін бермеу не төлем карталары бойынша төлемді қабылдаудан бас тарту фактілерін анықтау үшін «Азаматтық бақылау – Түбіртекті талап ет!» акциясының жалғасып жатқандығын хабарлайды.
Акцияның негізгі мақсаты – азаматтық белсенділікті арттыру, кəсіпкерлер арасында адал бəсекелестікті ынталандыру, тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді тұтынушылар ретінде өз мүдделерін қорғау мəселелерінде азаматтардың құқықтық мəдениетін тəрбиелеу, сондай-ақ көлеңкелі экономиканың мөлшерін қысқарту болып табылады.
Акция аясында азаматтар фискалдық түбіртекті бермеуге қатысты бұзушылықтар жəне банк картасын қабылдаудан бас тарту туралы хабарлай алады. «Азаматтық бақылау – Түбіртекті талап ет!» акциясына кез келген ниет білдіруші азамат қатыса алады. Барлық жіберілген өтініштер Мемлекеттік кірістер органдарымен қарастырылатын болады.
Фискалды түбіртекті бермеу жəне банк картасын қабылдаудан бас тарту фактілері туралы AppStore жəне Playmarketтен «Wipon» тегін мобильді қосымшасын жүктеу арқылы хабарлауға болады.
Кəсіпкер туралы ақпаратты кассаның жанында орналасқан QR-кодтың көмегімен алуға болады. Бұзушылық расталған жағдайда хабарлама жөнелтуші телефон теңгеріміне сыйақы ала алады.