Ұлытау облысында бюджетке қосымша салық түсімдері мәселелері талқыланды
Облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлының төрағалығымен өткен отырыста бюджетке қосымша салық түсімдері мәселелері талқыланды.
️ Кеңес жұмысына Ұлытау облысының тиісті басқармаларының, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің басшылары, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының және «Ұлытау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының өкілдері қатысты.
️ Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғ.Орынов кейбір кәсіпкерлердің салықтарды төлемеу және кірістерді жасыру фактілерін ерекше атап өтті. Мысалы, Департаменттің бір қызмет түрі бойынша жүргізген талдау нәтижелері бойынша (салтанат залдары) облыс аумағындағы кәсіпкерліктің осы 30 нысанының ішінен Жезқазған қаласының 6 ірі салтанат залы 364 млн теңгеге кірісін жасырған, сондай-ақ жалдамалы жұмыскерлер саны мен жылжымайтын мүлік құнын қасақана азайтқан.
Сондай-ақ, Жаңаарқа ауданында жайылым алаңы 25 020 га, ал мал басы төрт мыңнан асатын шаруа қожалығы бар. Алайда, салық есептілігі бойынша бұл шаруа қожалығында тек бір жұмысшы тіркелген, бұл салықтан жалтару және қызметкерлер құрамын әдейі азайтуға қатысты күдік туғызады. Осылайша, облыс бюджеті тиісті салық аударымдарын алмайды.
Тұрғын үйді нарықтық бағаға сәйкес емес бағалау фактілері де кездеседі. Талдау көрсеткендей, облыс бойынша бағалау құны 4 млн теңгеден асатын тұрғын үй тіркелмеген. Іс жүзінде тұрғын үйдің мұндай бағасы жоқ.
Сонымен қатар, спикер жеке кәсіпкерлердің табыс салығының, сыртқы және көрнекі жарнамадан және өңір аумағындағы кен орындарынан түсетін салық түсімдерінің өзекті мәселелеріне тоқталды.
Сондай-ақ, кеңесте облыс әкімі бюджетке түсетін кіріс түсімдерін ұлғайту бойынша 2023-2025 жылдарға арналған Ұлытау облысының Жол картасын бекітті.
Кеңес қорытындысы бойынша тиісті мемлекеттік мекемелерге қойылған міндеттерді сапалы іске асыру жөнінде тапсырмалар берілді. Біздің аумақта орналасқан Құмкөл кен орнын пайдалануға экологиялық салықты алдағы уақытта Ұлытау облысының бюджетіне төлеу туралы хабарлама жіберу — негізгі тапсырмалардың қатарында болды.
Кеңес соңында өңір басшысы қалалар мен аудандардың барлық әкімдерін жергілікті жерлерде салық түсімдерін бақылауды күшейтуге шақырды және кіріс түсімдерін ұлғайту бойынша кешенді жұмыс жүргізуді тапсырды. Бұл жаңа жұмыс орындарын құруға, салық базасын кеңейтуге және әлеуметтік- экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.