Президент шыршасы өтті
Жезқазғанда Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлының қатысуымен Президент шыршасы өтті.
Ұлытау облысының барлық қалалары мен аудандарынан келген 9 жастан 13 жасқа дейінгі 200 бала Президент шыршасы – 2022 басты кейіпкерлері болды: жетім балалар; ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар; ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар; аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан балалар; оқуда, спортта, шығармашылықта немесе өнерде, қоғамдық өмірде жетістікке жеткен дарынды балалар.
Биыл жаңа жылдық қойылым «Қош келдің, Жаңа жыл-жаңа белес, жаңа арман!» деп аталды.
Облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы балаларды Қазақстан Республикасы Президентінің атынан және өз атынан құттықтады. «Осы тамаша мейрам саған көп қуаныш әкелсін! Келешекте Отаныңды сүйетін үлкен азамат бол! Білім мен еңбек сені биік белестерге бастайды. Оқуда озат болып, спорт және шығармашылық салаларында зор табысқа жетуіңе тілектеспін. Армандарың орындала берсін!»- делінген мерекелік кездесудің әр қатысушысына жолданған Мемлекет басшысының құттықтауында.
Сондай-ақ, балаларға жылы видеолебіздерін танымал спортшылар, әртістер, тик-токерлер мен блогерлер жолдады.
Жиналғандар балалардың шығармашылық қабілеттерін ашуға арналған мерекелік бағдарламаны тамашалады. Онда интерактивті ойындар, крио-шоу, сабынды көбік шоуы, түрлі флэшмобтар болды.
Облыстың кішкентай тұрғындарына Президенттің атынан құттықтаулар мен сыйлықтар тапсырылды (әдемі кітап пен Galaxy Tab A7 Lite планшеті).
Сонымен қоса, қатысушылар өңір басшысымен және ертегілердің кейіпкерімен суретке түсті.