ЖҮЙЕЛІ САЯСИ РЕФОРМАЛАР – ЖАҢАРУ ЖОЛЫНДАҒЫ МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ
Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ халыққа Жолдауы маңызды тарихи құжат екені анық. Шын мəнінде, Қазақстан Президенті республиканың саяси өмірін қайта құру үшін бүкіл мемлекеттік жүйеге түбегейлі реформалар жүргізуге ниетті.
Халыққа жолдаған əр Жолдауында қоғамдағы қадау-қадау мəселелерді шешудің жолын көрсетіп, саяси реформалардың негізгі бағытын байыптайтын. Қыркүйек айындағы Жолдауының жүгі тіпті ауыр болды. Өйткені бастаған саяси реформаларын соңына жеткізуде президенттік сайлау өткізіп, одан кейін Мəжіліс жəне мəслихат депутаттарын саяси додаға түсіріп, үкіметті жаңадан жасақтайтынын мəлімдеді.
Жақында Президент елге арнайы үндеу жасап, кезектен тыс сайлау 20 қарашада өтетіні туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл сайлау еліміздің бүкіл саяси жүйесін қайта жаңғыртуға дем беріп, мемлекеттік институттардың жұмыс істеуіне қарқын береді деп ойлаймын.
Мемлекеттік саяси жүйе екпіні еселене түсіп, бойына қан жүгірері сөзсіз. Жүргізілген Конституциялық реформа арқылы біз тұғыры биік саяси модельдің ел игілігі жолындағы мақсаттарымызды айқындап алдық.
Сайлау – саяси бағытымызды нығайтуға жəне мемлекеттік жүйені толығымен жаңартып, қайта іске қосуына жол ашады деп есептеймін.
Аманжол МЫРЗАБЕКОВ,
Ұлытау аудандық мəслихатының хатшысы.