Ел болашағын айқындайды

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Əділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында президент сайлауын 7 жылдық мерзімге созу жөнінде өз ұсынысын білдірген еді. Бүгінгі күні мемлекет басшысы Жарлыққа қол қойып, сайлау 2022 жылдың 20 қарашасында өтетін болды. Мен өз басым бұл ұсынысты қолдаймын. Оны əріптестерім де бірауыздан қолдайды дегенге сенімдімін. Еліміз үшін президент сайлауының 7 жылдық мерзімге ұзартылуы өте қажетті əрі маңызды қадам. Осыншалықты жыл кімге болсын алға қойған реформаларды іске асыру үшін жеткілікті уақыт деп есептеймін.
Ел тұрақтылығы мен дамуын сақтап қалу үшін аз уақыт ішінде Президентімізді сайлап алу, бұл біздің басты мақсатымыз. «Бірлік бар жерде — тірлік бар», дейді дана халқымыз. Ендеше, осы айрандай ұйыған бейбіт күніміз, арайлап атар бейбіт таңдарымыз, ашық аспанымыз үшін дауыс беруге біркісідей қатысайық. Əрбір азамат еліміздің болашағы үшін өз таңдауын жасауы тиіс.Сондықтан барша қоғамды, əріптестерімді, аудан тұрғындарын жəне өзім еңбек ететін ұжым қызметкерлерін алдағы өтетін сайлауға белсене қатысуға шақырамын.

Нұрлан ҚАСЫМБЕКОВ,
«Ұлытау» ұлттық тарихи-мəдени жəне табиғи музей-қорығы РМҚК директоры.